Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлады
Продюсер бірнеше ай бұрын берген уәдесін орындап, «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек рөлімен танылған актрисаға жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Меруерт Өтекешоваға жаңа пәтер сыйлады. Өнер иесі бұл арқылы бірнеше ай бұрын берген уәдесін орындады.
Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек рөлі арқылы қазақ киносының тарихында ерекше орын алған Меруерт Өтекешоваға жаңа баспананың кілтін табыстады.
Пәтерді тапсыру сәтін продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Бейнежазбада Баян Алагөзова жаңа үйдің алдында актрисаны гүл шоқтарымен, шашумен және пәтердің символикалық кілтімен қарсы алғаны көрсетілген.
«Қазір мен Меруерт Қартаевна Өтекешоваға арналған жаңа пәтердің есігінің алдында тұрмын. Бұл пәтерді шамамен екі жарым ай бұрын баршаңыздың алдыңызда сыйлаймын деп уәде берген едім. Енді ол келе жатыр. Мен оған гүл, шашу және пәтердің кілтін дайындадым», – деді продюсер видеода.
Айта кетейік, бұл Баян Алагөзованың Меруерт Өтекешоваға жасаған алғашқы сыйлығы емес. Бұған дейін продюсер актрисаға уәде еткен тонын, сондай-ақ арнайы тапсырыспен жасалған алтын мен бриллианттан жасалған ерекше сырғаларды тарту еткен.
Меруерт Өтекешова қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесі арқылы көпшілікке танылды. Оның сомдаған кейіпкері ұлттық мәдениеттегі ең есте қаларлық образдардың біріне айналды.
Материал авторы