21567

«Үйде жалғыз қалғанда» фильмінің жұлдызы қайтыс болды

Оскар иегері Бренда Фрикер дүние салды.

«Үйде жалғыз қалғанда» фильмінің жұлдызы қайтыс болды
Andrew Schwartz/20th Century Fox

Әлемдік кино көрермендері сүйіп көрген «Үйде жалғыз қалғанда 2: Нью-Йоркте жоғалу» фильміндегі әйгілі «көгершіндер әйелінің» рөлін сомдаған ирландиялық актриса Бренда Фрикер өмірден өтті. Ол 81 жасында қайтыс болды.

Бренда Фрикер Ирландия тарихындағы «Оскар» сыйлығын алған алғашқы актриса ретінде танылды. Оның қайтыс болғанын актерлік агенті Фил Белфилд хабарлаған.

Актрисаны көрермендер ең алдымен 1992 жылы жарық көрген «Үйде жалғыз 2: Нью-Йоркте жоғалған» фильміндегі рөлі арқылы жақсы біледі. Бұл картинада ол Маколей Калкин сомдаған Кевин Маккалистермен достасатын Орталық саябақтағы жалғызбасты әйел бейнесін сомдады.

Фильмдегі кейіпкері бастапқыда тұйық, қоғамнан оқшауланған үйсіз әйел ретінде көрсетіледі. Алайда Кевинмен кездесу оның өміріндегі маңызды өзгеріске айналады. Осы рөл Бренда Фрикердің әлемдік аудитория алдындағы ең есте қалған бейнелерінің біріне айналды.

Актрисаның агенті Фил Белфилд оның ұзаққа созылған аурудан кейін қайтыс болғанын айтты.

«Біз енді ол сияқты адамды ешқашан көрмейміз. Оның жоқтығымен әлем бір байлығынан айырылды. Оны танып, жақсы көріп, бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен құрмет болды. Ол менің жүрегімде және әлемдегі миллиондаған кино мен телевизия жанкүйерлерінің есінде мәңгі қалады», – деді агенті.

Актрисаның қайтыс болғаны туралы ақпарат оның сирек берген сұхбатынан бір жыл өткен соң тарады. Сол кезде Бренда Фрикер денсаулығына байланысты Дублиндегі үйінде төсекке таңылғанын айтқан еді.

Бренда Фрикердің шығармашылық жолында ондаған фильм мен тележоба бар. Ол драмалық рөлдерді шебер орындап, ирланд және әлемдік кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор