Алматы облысында көлік үй ауласына кіріп кетіп, туған күн иесі аяғынан айырылды
ЭКО-ға дайындалып жүрген әйел жол апатынан кейін мүгедек болып қалды.
Алматы облысында туған күн мерекесі ауыр қайғылы жағдаймен аяқталды. Жеке үйдің ауласына жоғары жылдамдықпен кіріп кеткен көлік екі адамды қағып, мереке иесі ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның сол аяғын ампутациялауға мәжбүр болды. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Оқиға отбасы 40 жылдық мерейтойды атап өтіп жатқан кезде болған. Туыстарының айтуынша, олар аулада дастархан басында отырған сәтте көлік қақпаны бұзып, ішке кіріп кеткен.
Соққының салдарынан адамдар жан-жаққа ұшып кеткен. Ең ауыр жарақатты туған күн иесі алған. Оның аяғы қатты зақымданып, көп қан жоғалтқан.
Зардап шеккен әйелдің әпкесінің айтуынша, жағдай өте ауыр болған.
«Ол өте көп қан жоғалтты. Есін ұзақ уақыт бойы жия алмады. Бір тәуліктен астам уақыт ес-түссіз жатты. Көлікті жүргізген қыздың жүргізуші куәлігі болмаған. Қасында 14 жастағы кәмелетке толмаған бала болған. Көлік иесі туралы куәгерлердің сөзі әртүрлі: біреулер оның артқы орында отырғанын айтты, енді біреулер ол болмағанын жеткізді», – деді ол.
Әйел ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер тексеруден кейін оның сол аяғын кесу туралы шешім қабылдаған.
Алматы қаласындағы №7 клиникалық аурухананың политравма бөлімінің меңгерушісі Рамазан Аскеров науқастың жарақаты өте күрделі болғанын айтты.
«Науқаста балтырдың жоғарғы бөлігі деңгейінде жаншылған жарақат болды. Тіндердің өміршеңдігі іс жүзінде болмаған, қан тамырлары, жүйке, бұлшықет және сүйек тіндері зақымданған. Қазір науқастың жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты, қажетті ем жүргізіліп жатыр», – деді дәрігер.
Апаттан зардап шеккен екінші адам да бар. Жәбірленушінің әпкесінің алты қабырғасы сынған.
Полиция мәліметінше, жол апатына себепкер болуы мүмкін жүргізуші оқиға орнында ұсталған. Қазір құқық қорғау органдары жағдайдың толық мән-жайын анықтап жатыр.
Қарасай аудандық полиция басқармасының бастығы Нұсқабек Зауланбаевтың айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, 24 жастағы әйел көлікті басқара алмай, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы дерек бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», – деді ол.
Туыстарының айтуынша, зардап шеккен әйел бір жылдан астам уақыт бойы ЭКО процедурасына дайындалып, ана болуды армандаған. Енді бұл жоспары кейінге қалдырылмақ.
Жақындары істің әділ әрі толық тергелуін талап етіп отыр.
Материал авторы