24673

Спорттан қылмысқа дейін: Бұрынғы футболшы есірткі саудасын ұйымдастырғаны үшін ұсталды

27 жастағы ер адам бұған дейін де есірткі қылмысы үшін сотталғанына қарамастан, заңсыз әрекетін қайта жалғастырған.

Спорттан қылмысқа дейін: Бұрынғы футболшы есірткі саудасын ұйымдастырғаны үшін ұсталды
әлеуметтік желіден

Өзбекстанда Telegram-боттар арқылы есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сатқан желі әшкереленді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы бұрын кәсіби футбол ойнаған азамат болып шыққан. Бұл туралы Podrobno.uz басылымы жазды.

Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, арнайы операция ІІМ Жедел іздестіру департаменті мен аумақтық бөлімшелердің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүргізілген. Іс-шара «Қауіпсіз және салауатты ел» профилактикалық шарасы аясында ұйымдастырылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 27 жастағы ер адам бұрын кәсіби футбол клубтарының бірінде өнер көрсеткен. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ол балалар сауықтыру лагерінде дене дайындығы бойынша нұсқаушы болып жұмыс істеген.

Алайда құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол бірнеше Telegram-дүкеннің жұмысын қайта жандандырып, есірткі мен психотроптық заттарды сатуды ұйымдастырған.

Тергеу барысында заңсыз саудадан түскен қаражаттың криптовалютаға айырбасталғаны анықталған. Күдікті ақшаны жеке криптобиржа аккаунты арқылы аударып отырған. Заңсыз қызмет жүргізілген уақыт ішінде әртүрлі криптоәмияндарға 550 миллион сумнан астам қаражат түскен.

ІІМ мәліметінше, ер адам осыдан екі ай бұрын да есірткі қылмысына байланысты сотталған. Ол Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 278-8-бабы бойынша жауапқа тартылғанымен, тиісті қорытынды жасамай, заңсыз әрекетін қайта бастаған.

Қайта жасалған қылмыс фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 278-8-бабы 2-бөлігі «а» тармағына сәйкес іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор