24701

Ирак Трампты өлтірген адамға 10 миллион доллар сыйақы жариялады

АҚШ барлау органдары Трампқа қарсы ықтимал қауіптерді бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

Ирак Трампты өлтірген адамға 10 миллион доллар сыйақы жариялады
REUTERS/Brendan McDermid

Ирактағы проирандық қарулы топ АҚШ президенті Дональд Трампты өлтіруге көмектескен адамға 10 миллион доллар көлемінде сыйақы берілетінін мәлімдеді. Ұйым бұл шешімін Трамптың Иран генералы Қасем Сулейманидің өліміне қатысты айтқан сөздерімен байланыстырды.

«Исламдық қарсылық» деп аталатын топ мәлімдемесінде сыйақы қозғалыс мүшелері мен жақтастарының ерікті түрде берген қаражаты есебінен жиналғанын хабарлаған.

Ұым өкілдерінің айтуынша, мұндай шешім Трамптың жуырдағы мәлімдемелеріне жауап ретінде қабылданған. Топ АҚШ президенті Иран генералы Қасем Сулейманиді және Ирактағы халық жасақтары қолбасшысының орынбасары Абу Махди әл-Мухандисті жоюдағы рөлін «мақтан тұтып айтты» деп есептейді.

Сулеймани мен әл-Мухандис 2020 жылдың қаңтарында Бағдадта АҚШ әскери ұшқышсыз аппараты жасаған соққы кезінде қаза тапқан.

Ұйым мәлімдемесінде сыйақы Трампқа қарсы қастандық ұйымдастыруға қатысқан кез келген адамға, топқа немесе ұйымға берілуі мүмкін екені айтылған.

Shafaq News мәліметінше, Трамп Ирак премьер-министрі Әли аз-Заидимен кездесуі кезінде Сулеймани мен әл-Мухандистің көзін жоюға қатысы туралы сөз қозғаған.

Абу Махди әл-Мухандистің отбасы Трамптың мәлімдемесін де, Ирак премьерінің оған берген бағасын да сынаған. Туыстары премьердің бұл оқиғалар оның саясатқа келуінен бұрын болғанын айтқанын атап өткен.

«Өз елінің құрметті өткенінен бас тартқан адам халқының тамырымен байланысын үзеді», – деген мәлімдеме жасады марқұмның жақындары.

Трампқа қатысты бұл мәлімдеме АҚШ президентіне ықтимал шабуыл дайындалып жатқаны туралы ақпараттар тараған кезеңде жарияланды.

Бұған дейін CNN телеарнасы Израильдің Вашингтонға Иранның АҚШ президентін өлтіруге бағытталған жаңа жоспары туралы барлау мәліметтерін бергенін хабарлаған. Америкалық арна дереккөздерінің айтуынша, Израиль тарапы АҚШ билігін «нақты жоспардың» бар екені туралы ескерткен. Алайда оның егжей-тегжейі әзірге белгісіз, ал АҚШ бұл ақпаратты өз бетінше толық растай алмаған.

Сонымен қатар бұған дейін Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің америкалық соққы салдарынан қаза тапқаны туралы хабарлардан кейін Трампты өлтіруге шақырған мәлімдемелер тараған еді.

Дональд Трамп та Тегеран америкалық көшбасшыны жоюды көздейді деп мәлімдеген. CNN мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері шабуыл жасау мүмкіндігін талқылаған бірнеше адамның әрекетін бақылап отыр. Алайда әзірге нақты шабуылға дайындық белгілері анықталмаған.

Материал авторы