Алматыда кәмелетке толмаған қызды қорлағандар қылмыстық іске ілікті
Желіде тараған видеода бір топ жасөспірімнің қатарлас қызды ұрып-соғып, қорлағаны тарады.
Әлеуметтік желілерде Алматыда кәмелетке толмаған қызды аяусыз ұрып-соғып, қорлаған видео тарады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
HALYQSTAN Telegram-арнасында жарияланған бейнежазбада бір топ жасөспірімнің өз қатарласын бірнеше рет бетінен ұрып, шашынан сүйреп, тізерлетіп, ар-намысын қорлағаны көрінеді. Болған жайтты олар видеоға түсіріп алған.
Ақпаратқа сәйкес, оқиғаға қатысушылардың бірі, кәмелетке толмаған қыз бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған. Кейін видео өшірілгенімен, оған дейін полиция қызметкерлері жазбаны зерттеп үлгерген.
Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, бейнежазбада кәмелетке толмаған қызға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер тіркелген және осы дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың жеке басы анықталған. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары қылмыстық істің тергелу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
Материал авторы