17728

Бозжырадағы Голливуд: Джеки Чан Маңғыстауда жаңа фильмін түсіруді бастады

Маңғыстау жерінде «Құдай сауыты 4» фильмінің түсірілімі басталды.

Бозжырадағы Голливуд: Джеки Чан Маңғыстауда жаңа фильмін түсіруді бастады
Маңғыстау облысы әкімдігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысы халықаралық ауқымдағы «Armour of God: Ultimatum» («Құдай сауыты: Ультиматум») көркем фильмінің түсірілім алаңына айналды. Әлемдік кинематографияның тірі аңызы Джеки Чанның қатысуымен өтіп жатқан бұл жоба Қазақстанның бірегей табиғи нысандарына жаһандық аудиторияның назарын аударуды көздейді.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, түсірілім жұмыстарының ресми ашылу салтанатын режиссер Роберт Кун мен бас рөлді сомдаушы Джеки Чан жүргізді. Олар киногерлердің ежелгі дәстүрі бойынша арнайы фарфор тәрелкесін сындырып, жаңа туындының жұмысына ресми түрде старт берді.

Киножобаның негізгі локациясы ретінде Маңғыстаудың ең танымал әрі жұмбақ орындарының бірі — Бозжыра шатқалы таңдап алынды. Халықаралық түсірілім тобы осы аймақта ауқымды сахналарды таспаға басып, әлем көрермендерін Қазақстанның қайталанбас ландшафтымен таныстырмақ.

Бұл ауқымды жобаның жүзеге асырылуы отандық киноиндустрия үшін елеулі оқиға болмақ. Ол Қазақстанның халықаралық деңгейдегі кинотүсірілім алаңы ретіндегі беделін нығайтып, еліміздің әлемдік кинематография картасындағы позициясын күшейте түседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау жеріне табан тіреген даңқты актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чанды өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай күтіп алған болатын. Аңыз адам Қазақстанда өзінің танымал франшизасының жалғасы — «Құдайдың сауыты 4: Ультиматум» фильмін түсіруге кірісті.

Материал авторы