Қарағанды облысының полициясы тұңғыш рет робот-итті қызметке шығарды
Полицияның базасына қосылған робот-ит нақты уақыт режимінде адамдардың жүзін тану функциясы арқылы іздеудегілерді тапты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологияларды қолданудың жаңа деңгейіне көшті. Металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шаралар кезінде полиция тарихында тұңғыш рет жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған робот-ит қызметке шықты. Балқаш және Теміртау қалаларында өткен, 115 мыңнан астам адам жиналған бұқаралық шараларда мыңнан астам тәртіп сақшысымен бірге осы инновациялық құрылғы қоғамдық тәртіпті күзетті.
Тұңғыш рет сынақтан өткен технология өзінің тиімділігін бірден дәлелдеді. Робот-иттің көмегімен көпшілік ішінен заң бұзған төрт азамат анықталды. Олардың арасында алимент төлеуден жалтарып жүрген бір тұрғын, мемлекетке қарызы бар екі борышкер және сот белгілеген шектеуді бұзып, түнде далада жүрген бұрын сотталған ер адам бар. Құрылғы белгі берген бойда барлық құқық бұзушыларға қатысты заңды шаралар қабылданды.
Бұл технологиялық жаңалықтың басты ерекшелігі — ол полицияның мәліметтер базасымен тікелей байланыстырылған. Робот нақты уақыт режимінде адамдардың жүзін танып, іздеуде жүрген тұлғаларды бірден анықтай алады. Мұндай мүмкіндік құқық бұзушылықтың алдын алу мен жедел әрекет ету сапасын айтарлықтай арттырмақ.
Мереке күндері полицейлер балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлді. Адам көп жиналған жерде ата-анасынан көз жазып қалған 3 жастан 17 жасқа дейінгі 87 бала табылып, жақындарына аман-есен қайтарылды. Ішкі істер органдары бұл роботтандырылған жүйенің цифрлық трансформацияның маңызды кезеңі екенін және алдағы уақытта азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға септігін тигізетінін атап өтті.
Материал авторы