4308

Қазақстанда айналымы 7,5 млрд теңгеге жеткен онлайн-казиноның жолы кесілді

Грузиядан басқарылған заңсыз казино ісі тергеліп жатыр.

Қазақстанда айналымы 7,5 млрд теңгеге жеткен онлайн-казиноның жолы кесілді
Sina Schuldt / dpa / Global Look Press

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істеген Nomad Poker онлайн-казиносының қызметі тоқтатылды. Тергеу мәліметінше, оның жалпы ақша айналымы 7,5 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі жазды.

ҚМА мәліметінше, Club GG Poker мобильді қосымшасы негізінде құрылған заңсыз платформаны Грузияда жүрген Қазақстан азаматтары үйлестіріп отырған. Мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, қаржы ағындарын бақылауды қиындатуға және шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген.

Онлайн-казино тәулік бойы жұмыс істеп, пайдаланушыларға покерді ақшаға ойнауға және ұтысын шешіп алуға жағдай жасаған. Жаңа ойыншыларды тарту үшін ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жарнаманы белсенді пайдаланған.

Тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз платформаға 20 мыңнан астам адам қатысқан.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар кең ауқымды дропперлер желісін пайдаланған.

«Күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз етіп, олардың атына банк карталары мен мобильді банкингті рәсімдеген. Бұл қызмет үшін әр адамға 400 АҚШ долларына дейін сыйақы төленген», – деп хабарлады ҚМА.

Тергеу барысында қылмыстық схемада 60-тан астам дроп-шот қолданылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан.

Сот санкциясымен Алматы қаласындағы бір пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңгеге тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор