3158

Танымал әнші Тоқаевты көпшілік алдында үстел теннисінен сайысқа шақырды

Әнші өзінің деңгейі Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы ойнауға лайықты деңгейге жеткенін айтты.

Танымал әнші Тоқаевты көпшілік алдында үстел теннисінен сайысқа шақырды
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші The Limba (Мұхамедәлі Ахметжанов) Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ұсыныс жасап, оны үстел теннисінен достық матч өткізуге шақырды.

Әнші Instagram парақшасында Президентке арнап креативті бейнеролик жариялады. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген видеода Қасым-Жомарт Тоқаев компьютерлік ойындардағы ешкім жеңе алмайтын «соңғы қарсылас» ретінде бейнеленіп, үстел теннисінен жоғары шеберлік көрсетеді.

The Limba Президенттің бұл спорттағы жетістіктерін жақсы білетінін айтып, көптен бергі арманын жеткізді.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің спорттық жолыңызды жақсы білемін. Сіз үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидатсыз. Сізбен бір партия ойнауды көптен бері армандаймын. Қазір өз деңгейім сізге лайықты қарсылық көрсетуге жетеді деп сенемін», – деді әнші.

Жазбасында өнер иесі Президенттің үстел теннисі үстелінде түскен фотосын да жариялаған.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы үстел теннисімен айналысып келеді. Ол 13 жыл бойы Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарған және осы спорт түрінен спорт шеберлігіне кандидат атағына ие.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен және Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен ресми кездесулер аясында да үстел теннисін ойнаған болатын.

Қазіргі уақытта Ақорданың баспасөз қызметі әншінің ұсынысына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Ал әлеуметтік желі қолданушылары Президент бұл шақыруды қабылдай ма деген мәселені қызу талқылап жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор