2695

«Бүгін 20 жасқа толар еді»: Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлын тебірене еске алды

Өлең жазатынын қайтыс болған соң білдім дейді ақын.

«Бүгін 20 жасқа толар еді»: Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлын тебірене еске алды
instagram.com/serikzat_duisengazy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ақын Серікзат Дүйсенғазы өмірден ерте өткен ұлы Әлиханның туған күніне орай жүрек тебірентер жазба жариялады. Ақынның айтуынша, егер ұлы аман болғанда, бүгін 20 жасқа толар еді.

Серікзат Дүйсенғазы уақыттың зырғып өткенін айтып, ұлынан айырылғанына да төртінші жылға аяқ басқанын жеткізді.

«Бүгін марқұм Әлихан батырым ортамызда болса, жиырма жасқа толар еді. Көзді ашып-жұмғанша жиырма жыл өте шығыпты. Әлиханымды жоғалтқаныма да төртінші жылдың жүзі болыпты», – деп жазды ақын.

Ол ұлының зерек, сабырлы әрі кітапқа құмар болғанын еске алып, оның Германиядағы техникалық университеттердің бірінде білім алып, ғылым жолын таңдауы мүмкін еді деген арманын айтты.

«Өте зерек, ақылды бала болды. Кітапты өте көп оқитын еді. Техника саласына олжа салар ғалым болатын шығар деп үміттеніп жүрген едім», – деді ол.

Ақын тағы бір ауыр шындықпен бөлісті. Оның айтуынша, ұлының өлең жазатынын тек өмірден өткеннен кейін ғана білген.

«Қалыптасқан ақындығы бар екенін қайтыс болған соң ғана білдім. Өлең жазатынын менен жасырып жүріпті. Оның бәрін еске алсақ, өзегіміз өртенеді. Әсіресе, анасына өте ауыр», – деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.

Сонымен қатар ол Жаратқанның жұбаныш ретінде тағы бір перзент сыйлағанын айтып, бүгінде отбасының кенже баласының тәтті қылықтары қайғыны жеңілдетуге демеу болып жүргенін жеткізді.

Ақын ұлының есімін ұлықтауға атсалысқан азаматтарға да алғыс айтты. Оның айтуынша, кәсіпкер Қанат Сәнік пен ақын Серік Қалиевтің қолдауымен «Әлиханның арманы» атты шығармалар мен естеліктер жинағы жарық көрген. Сондай-ақ режиссер Мұрат Есжан түсірген осы аттас деректі фильм «Хабар» телеарнасының архивінде сақтаулы.

Жазбасының соңында ақын ұлына деген сағынышын жеткізіп, жүрекжарды дұғасын арнады.

«Е, айналайын Әлиханым-ай! Сені біз бұл өмірден өткенше жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз. Жатқан жерің жарық, жаның жәннаттың төрінде болсын, жарығым», – деп түйіндеді ол.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор