Алматы зообағында әйел адам арыстанға тас лақтырған
Бұзақы әйелге ірі көлемде айыппұл салынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы хайуанаттар бағына келген әйелдің арыстандарға тас лақтырғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, оған қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Желіде жарияланған кадрларда әйелдің арыстанның қоршауына қарай әдейі тас лақтырып, жанындағы балаларға да соны қайталауды көрсеткені байқалады. Оқиғаға куә болған басқа келуші ескерту жасағаннан кейін әйел оқиға орнынан кетіп қалған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін Медеу аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізген. Нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы жедел анықталды.
Әйел Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот оған 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге)көлемінде айыппұл салды.
Полиция мұндай әрекеттер жануарларға зиян келтіруі мүмкін екенін, қоғамдық тәртіпті бұзатынын және балаларға теріс үлгі көрсететінін атап өтті.
Ведомство өкілдері жануарларға зиян келтіруі ықтимал, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін немесе балаларға жағымсыз тәрбие беретін кез келген заңсыз әрекет заң аясында қатаң бағаланатынын ескертті.
Айта кетейік, бұл Алматы хайуанаттар бағында тіркелген алғашқы жағдай емес. Бұған дейін сәуір айында бір ер адам арыстандардың қоршауына тас лақтырып, дәл осындай құқық бұзушылық үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеген. Ал маусымда тағы бір келуші «Жұма» есімді арыстанның назарын аудару үшін оған тас лақтырған. Сол оқиғадан кейін хайуанаттар бағының әкімшілігі полицияға жүгінген.
Материал авторы