Қаскелеңде шала туған үшем шетінеді: отбасы дәрігерлердің әрекетіне күмән келтірді
Жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген үшемнің үшеуі де шетінеп, оқиғаға қатысты тергеу басталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы Қаскелең перзентханасында дүниеге келген шала туған үшемнің көз жұмуына байланысты тергеу басталды. 28 жастағы әйелдің туыстары полицияға арыз жазып, нәрестелердің өліміне не себеп болғанын анықтауды талап етіп отыр. Бұл туралы КТК жеткізді.
Туыстарының айтуынша, әйел жүктіліктің 25-аптасында үшемді дүниеге әкелген. Екі сәби туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кеткен. Ал үшінші баланың қайтыс болғанын әкесі кейінірек ғана естіген. Қазір отбасы үшінші нәрестенің мәйітін беруді күтіп отыр.
Отбасы мүшелерінің сөзінше, дәрігерлер әйелге кесарь тілігін жасау қажет екенін айтқанымен, кейін босандыру табиғи жолмен жүргізілген.
Туыстары дәрігерлердің нәрестелердің нақты неден қайтыс болғанын түсіндірмегенін айтады.
«Бізге кесарь тілігін жасау керек болғанын айтты. Бірақ белгісіз себеппен Айдананы табиғи жолмен босандырды. Таңертең өзі жолдасына екі баланың қайтыс болғанын жазған. Дәрігерлер үшінші баланың бөлімшеде жатқанын айтқан. Екі сәбиді жерлеуге кеткенімізде, кейін үшінші нәрестенің де шетінегенін білдік. Неліктен мұны бізден жасырды?» – дейді марқұм сәбилердің туысы Жазира Төлешова.
Отбасы мәйіттерді ешқандай түсіндірме құжатсыз алғандарын айтып, үш нәрестенің де жеке басын нақтылау үшін эксгумация жасап, ДНҚ сараптамасын өткізуді талап етуде.
«Бізге екі сәбиді қорапқа салып, ешқандай құжатсыз қолымызға ұстатты. Балаларымыздан қалай айырылып қалғанымызды, не болғанын білгіміз келеді. Үшеуіне де эксгумация жүргізіліп, ДНҚ сараптамасы жасалсын деген талап қоямыз», – деді Ержан Екейбаев.
Ал Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы әйелдің шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін және барлық медициналық көмектің қолданыстағы хаттамаларға сәйкес көрсетілгенін мәлімдеді.
Медициналық мекеменің мәліметінше, үшем жүктіліктің 25-аптасында өте төмен салмақпен дүниеге келген. Мұндай кезеңде нәрестелердің өкпесі мен орталық жүйке жүйесі секілді өмірлік маңызды ағзалары толық қалыптасып үлгермейді.
«Жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген үшем – аса күрделі медициналық жағдай. Салмағы 500 грамға дейінгі жаңа туған нәрестелердің өмірлік маңызды ағзалары, әсіресе өкпесі мен орталық жүйке жүйесі әлі толық жетілмеген болады», – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәрестелердің нақты неден көз жұмғаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады.
Материал авторы