Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен ресми түрде бас тартты
Спортшы орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуін босатып берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан ресми түрде бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешім қабылдады.
Ақпаратты Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери растады.
«Жәнібек Әлімханұлы маған салмақ дәрежесін көтеретінін хабарлады. Енді ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Осыған байланысты Дензел Бентли толыққанды WBO чемпионы мәртебесіне ие болды», – деді Оливьери The Ring басылымына берген сұхбатында.
Осылайша, орта салмақтағы WBO чемпионы атанған британдық Дензел Бентли бұған дейін ұйымның уақытша чемпиондық белбеуіне ие болған еді. Ол бұл атақты 4 сәуірде Эндри Сааведраны жетінші раундта мерзімінен бұрын жеңу арқылы жеңіп алған.
Қазіргі таңда Бентлидің алғашқы қарсыласы WBO рейтингіндегі міндетті үміткер, кубалық жеңіліс көрмеген боксшы Йоэнли Эрнандес болуы мүмкін. Алайда ұйым әзірге британдық боксшы бірден міндетті қорғау жекпе-жегіне шығуы тиіс пе, әлде қарсыласын өзі таңдай ма – бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.
«Талқылау жалғасып жатыр. Бентлиге ерікті түрде титулын қорғауға рұқсат берілуі немесе Эрнандеспен кездесуге міндеттелуі мүмкін. Соңғы шешім кейінірек жарияланады», – деді WBO басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырған болатын. Федерация оның чемпиондық белбеуін вакант деп жариялаған. Материалда бұл шешім антидопинг ережелерін бұзуға байланысты қабылданғаны айтылған. Осы оқиғадан кейін қазақстандық боксшы өз пікірін білдірген еді.
Материал авторы