1245

Украинаға 604 млн еуро қаржы бөлінді

Халықаралық валюта қоры Украинаға жаңа транш бөлу туралы шешім қабылдады.

Украинаға 604 млн еуро қаржы бөлінді
REUTERS/Yves Herman

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға 604 млн еуро көлеміндегі кезекті қаржылық траншты бөлуді мақұлдады. Бұл шешім ұйымның Украинаның төрт жылдық кеңейтілген қаржыландыру бағдарламасы (EFF) бойынша алғашқы шолуын аяқтауынан кейін қабылданды. Киев қаражатты жақын арада алады.  

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, Украина наурыз айының соңына дейін белгіленген барлық негізгі сандық көрсеткіштерді орындаған. Алайда бірқатар құрылымдық реформаларды іске асыру мерзімі кейінге шегерілген.

Бағдарлама аясындағы міндеттемелер мемлекеттік қаржы, мемлекеттік басқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, энергетика және қаржы секторларындағы реформаларды қамтиды. Екінші траншты қоса есептегенде, Украинаға бөлінген қаржының жалпы көлемі шамамен 2,2 млрд долларға жетеді.

Халықаралық валюта қорының атқарушы кеңесі сондай-ақ Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және елдің Еуропалық одаққа мүшелік жолындағы нарықтық реформаларын қолдау мәселелерін қарастырды.

Қордың басқарушы директоры Кристалина Георгиева Украина күрделі жағдайға қарамастан экономикалық тұрақтылығын сақтап отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Халықаралық валюта қоры Украина экономикасына қатысты болжамын төмендетті. Бұған Ресейдің маңызды инфрақұрылымға жасаған шабуылдарының күшеюі және АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының жаһандық экономикаға тигізген теріс әсері себеп болған.

Қордың болжамынша, Украина экономикасының өсімі 2026 жылы 1–1,6 пайыз деңгейінде болады. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 3,5 пайызға дейін жеделдеуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Халықаралық валюта қоры Украинамен жалпы көлемі 8,1 млрд долларды құрайтын төрт жылдық EFF бағдарламасын бекіткен болатын. Бағдарлама елдің макроэкономикалық тұрақтылығын нығайтуға, реформаларды жалғастыруға және соғыстан кейінгі қалпына келтіруге бағытталған. Қаражат төрт жыл ішінде бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады. 

Материал авторы