1276

Әскердегі зорлық туралы айтып ақша жинаған жігіт түрмеге қамалды

Жас жігіт әлеуметтік желіде елден көмек сұраған.

Әскердегі зорлық туралы айтып ақша жинаған жігіт түрмеге қамалды
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желіде әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған оқиға ойлап тауып, жұрттан ақша жинаған 23 жастағы тұрғын үш жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу оның ешқашан әскери қызмет өтемегенін, ал қаржы жинау үшін кәмелетке толмаған танысының банк шотын пайдаланғанын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz Telegram-арнасы жазды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл ақпан айында жігіт Threads әлеуметтік желісінде анонимді жазба жариялап, әскери қызмет кезінде өзін жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырады деп мәлімдеген. Сондай-ақ өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұрап, ақша аударуға арналған банк деректемелерін жариялаған.

Тексеру әлеуметтік желі қолданушыларының бірінің шағымынан кейін басталған. Нәтижесінде жарияланған мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.

Тергеу барысында сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет атқармағаны анықталды. Бұдан бөлек, ол ақша жинау үшін 17 жастағы танысын алдап, оның банк шотын пайдаланған. Екі күннің ішінде бұл есепшотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.

Күдікті тергеу кезінде кінәсін толық мойындап, жалған ақпаратты тек қаржы табу мақсатында жариялағанын айтқан.

Аталған фактілер бойынша алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Сот астаналықты кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске салайық, полиция осы жалған жазбаның авторының ұсталғанын биыл наурыз айында хабарлаған болатын. Сол кезде ІІМ Threads желісінде әскери қызмет кезінде зорлық көргені туралы анонимді жазба жарияланып, автордың шетелге кетуге ақша сұрағанын мәлімдеген еді. Кейін жүргізілген тексеру барысында бұл мәліметтердің жалған екені және банк картасының кәмелетке толмаған танысының атына рәсімделгені анықталған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор