Хромтауда жоғалған ер адамның басы тоңазытқыштан табылды (ВИДЕО)
Полицейлер марқұмның таныстарының үйінен оның басын тауып алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жоғалып кеткен жергілікті тұрғынды өлтіру дерегі ашылды. Тергеу барысында полиция марқұмның таныстарының үйіндегі тоңазытқыштан оның кесілген басын тапқан. Осыдан кейін күдіктілер кінәларын мойындаған. Бұл туралы Ақтөбе облысы Полиция департаментінің ресми парақшасы жазды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 11 қазанында жоғалған азаматтың жұбайы полицияға күйеуінің бір аптаға жуық уақыт бойы үйіне оралмағанын және байланысқа шықпай жүргенін айтып арызданған.
Осыдан кейін жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру және жедел-іздестіру шаралары басталды. Полицейлер жоғалған азаматтың таныстарын, туыстарын, көршілерін және әріптестерін сұрастырып, оның болуы мүмкін жерлерді тексеріп, жиналған ақпаратты саралаған.
Жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары жоғалған азаматтың екі танысына шыққан. Олардың үйіне жүргізілген тінту кезінде бірқатар айғақ заттармен бірге марқұмның кесілген басы тоңазытқыштан табылған.
Полицияның мәліметінше, тергеушілер қылмыстың барлық мән-жайын анықтап, жеткілікті дәлелдер жинаған. Қылмыстық іс заңда белгіленген мерзімде сотқа жолданған.
2025 жылдың ақпанында сот үкімі шығып, негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталды.
Материал авторы