Ла Лига басшысы Инфантиноның қызметтен кетуін талап етті
Испания чемпионатының президенті ФИФА-дағы қазіргі басқару жүйесін ашық сынға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Испанияның Ла Лига президенті Хавьер Тебас Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноны қатаң сынға алып, оның қызметінен кетуі керектігін мәлімдеді.
Хавьер Тебастың пікірінше, Инфантиноның ФИФА-ны басқару дәуірі аяқталған. Алайда ол қазіргі жүйенің қолдауына ие болғандықтан, жақын арада қызметінен кетуі екіталай.
La Gazzetta dello Sport басылымына берген сұхбатында Тебас ФИФА-дағы басқару жүйесін де өткір сынға алды.
«Меніңше, оның уақыты өтті. Бірақ оны жүйе мен ұлттық федерациялар қолдап отыр. Сондықтан бұл туралы көп айта да алмайсың. Оппозициядан нақты үміткер жоқ, өйткені ешкім жеңілетінін біле тұра сайлауға түскісі келмейді.
Бұл – түбіне дейін шіріген жүйе. Инфантино билікте қалмауы тиіс. Бірақ қазіргі жағдайда оның кетуі мүмкін емес. Соңғы күндері Инфантиноның әрекеттеріне қарсы екенін айтқан көптеген адамды естідім. Олар сөйлейді, бірақ ештеңе істемейді. Футболға үнсіздік пе, әлде сыбайластық па – қайсысы көбірек зиян келтіретінін білмеймін. Өйткені үнсіз отырғандардың бәрі футболға қандай зиян келіп жатқанын жақсы түсінеді», – деді Тебас.
Сонымен қатар New York Post басылымы АҚШ президенті Дональд Трамптың Джанни Инфантиноны БҰҰ Бас хатшысы қызметіне ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат таратты.
Материал авторы