1244

Бишімбаевтың інісі рақымшылықпен бостандыққа шықты

Қылмысты жасырғаны үшін сотталған Бақытжан Байжанов түрмеден босатылды.

Бишімбаевтың інісі рақымшылықпен бостандыққа шықты
Yerzhan Amirkhanov / RFE/RL

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановқа рақымшылық туралы заң қолданылып, ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Тиісті шешімді сот қабылдады. Бұл туралы Tengrinews.kz басылымы жазды.

Адвокат Ғазиз Ынтықбаевтың айтуынша, сот отырысы барысында Бақытжан Байжановқа рақымшылық актісі қолданылып, оны бірден босату туралы қаулы шығарылған.

«Бүгін сот отырысында Бақытжан Байжановқа рақымшылық туралы заң қолданылып, оны дереу босату туралы шешім қабылданды. Оның өтелмеген жаза мерзімі үш айдан сәл ғана асатын. Бүгіннен бастап ол отбасына оралады», – деді адвокат.

Оның мәліметінше, Байжановтың жазасының өтелмеген бөлігі үш айдан сәл ғана көп болған.

Үкім шыққаннан кейін Бақытжан Байжанов бірнеше рет мерзімінен бұрын босатуды сұрап сотқа жүгінген. 2024 жылы оның өтініші 5 тамызда сотқа түсіп, қарау 4 қыркүйекке белгіленген болатын. Сонымен қатар өткен жылы ол рақымшылық туралы заң негізінде жаза мерзімін қысқартуды да сұраған.

Еске салайық, 2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы Gastro Center ғимаратында Салтанат Нүкенова қаза тапты. Оның өліміне кінәлі деп марқұмның жұбайы, Қазақстанның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев танылды.

2024 жылдың мамырында сот Қуандық Бишімбаевты 24 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ал оның немере ағасы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың рақымшылыққа ілікпейтіні хабарланған болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор