1934

Таиландтан бөтеннің чемоданын әкелген бойжеткен сотталып кетті

Бойжеткен Бангкоктен Алматыға есірткі салынған екі чемоданды сыйақы үшін жеткізуге келіскен.

Таиландтан бөтеннің чемоданын әкелген бойжеткен сотталып кетті
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таиландтан Қазақстанға ішінде есірткісі бар бөтеннің чемодандарын ақылы түрде жеткізуге келіскен 22 жастағы қазақстандық бойжеткен 16 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз тасымалдау және контрабандалық жолмен өткізу бойынша кінәлі деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Бангкоктен Алматыға жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскен.

Алайда ол Алматы халықаралық әуежайына келген сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ұсталған.

Прокуратура әлеуметтік желілерде таралатын «оңай ақша табу» немесе тегін шетелге саяхат жасау туралы ұсыныстардың артында халықаралық есірткі тасымалының қылмыстық схемалары тұруы мүмкін екенін ескертті.

Ведомство мұндай заңсыз әрекеттерге кез келген рөлде қатысу ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Сот үкімі заңды күшіне енді. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор