983

Түркістанда 3 млрд теңгені жымқырған қылмыстық топтың 27 мүшесі сотталды

Жалған несиелер арқылы миллиардтарды жымқырғандарға сот үкімі шықты.

Түркістанда 3 млрд теңгені жымқырған қылмыстық топтың 27 мүшесі сотталды
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында агробизнесті қолдауға бөлінген 3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жалған несиелер арқылы жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесі сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі жазды.

Тергеу мәліметінше, 2016–2021 жылдар аралығында «КТ Яссы Несие» ЖШС-нің басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ірі қара мал сатып алуға бөлінген мемлекеттік қаржыны заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық топ мүшелері несие рәсімдеу үшін жалған тұлғалардың атына шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерді тіркеген. Несие өтінімдеріне қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, жалған құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүліктері қоса ұсынылған.

Тергеу барысында несие мамандары жалған қорытындыларды, мүлікті тексеру актілерін және қаражаттың мақсатты жұмсалғанын растайтын құжаттарды дайындап, несиелердің заңды берілгендей көрінуіне жағдай жасағаны анықталды.

Ал бағалаушылар мен кепіл мүлкіне жауапты мамандар жоқ немесе нақты құнына сәйкес келмейтін мүлікке жалған бағалау есептерін рәсімдеген. Өз кезегінде нотариустар сыйақы үшін кепілге қатысты жалған құжаттарды куәландырған.

Тергеу нәтижесінде 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды. Қылмыстық топ 24 жалған несие рәсімдеп, кепіл ретінде 54 жоқ мүлікті көрсеткен.

Сот үкімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер телімі, 2 пәтер, 4 коммерциялық нысан және 4 автокөлік тәркіленді.

Сот 27 сотталушының әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор