«Кек алу үшін өртедім»: Семейлік зейнеткер полицейлердің көліктерін өртеген (ВИДЕО)
Полицейлердің екі көлігін өртеген семейлік зейнеткер жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында учаскелік полицейлердің екі қызметтік емес автокөлігін әдейі өртеп жіберген 65 жастағы зейнеткерге сот үкімі шықты. Ол мұндай әрекетке өзін әкімшілік жауапкершілікке тартқан полицейлерден кек алу мақсатында барған. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Зейнеткер көліктерді не үшін өртеді?
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 25 қаңтар күні болған. Ер адам гаражында бір банка сыра ішкеннен кейін үйіне қайтып бара жатқанда оны учаскелік полиция қызметкерлері тоқтатқан.
Полицейлер оның масаң күйде болғанын байқап, тірек пунктіне жеткізіп, әкімшілік хаттама толтырған. Кейін туыстарының өтініші бойынша оны үйіне жіберген.
Алайда осыдан кейін зейнеткер кек алуды ұйғарған. Ол гаражынан бензин құйылған канистрді алып, полицияның тірек пунктіне барып, қызметкерлерге тиесілі Changan CS55 Plus және Chevrolet Cobalt автокөліктерін өртеп жіберген.
Оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенгенімен, полицейлердің бірі оны қуып жетіп, ұстап алған.
Айыпталушы кінәсін толық мойындады
Сот барысында зейнеткер өз кінәсін толық мойындап, полицейлердің өзін ұстап, әкімшілік хаттама жасағанына ашуланғанын және оларды осылайша «жазалауды» көздегенін айтты.
Ал полиция қызметкерлері өз әрекеттерінің заң аясында болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, ер адамда масаңдық белгілері байқалғандықтан, оған қатысты заң талаптарына сәйкес әкімшілік материал рәсімделген.
Сот қандай шешім шығарды?
Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша кінәлі деп таныды.
Оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол пробациялық бақылауда болады.
Бұдан бөлек, сот айыпталушыны жәбірленушілерге келтірілген 9,8 миллион теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Зейнеткер бұл қаражатты зейнетақысынан төлейтінін айтқан.
Еске салайық, 2026 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілерде Семейдегі құрылыс колледжі маңында өртеніп жатқан көліктердің видеосы тараған болатын. Кейін полиция өртенген автокөліктердің өз қызметкерлеріне тиесілі екенін хабарлап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Материал авторы