1204

Дрон шабуылынан кейін КҚК арқылы мұнай тиеу уақытша тоқтатылды

Энергетика министрлігі мұнай өндірісінің неге азайғанын түсіндірді.

Дрон шабуылынан кейін КҚК арқылы мұнай тиеу уақытша тоқтатылды
tengizchevroil.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай жөнелтудің уақытша тоқтатылуына қатысты түсініктеме берді. 

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында КҚК-ның теңіз терминалындағы мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған.

Сонымен қатар консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және жағдай тұрақталған бойда мұнайды қайта тиеуге дайын.

Министрлік мұнай қабылдауға қойылған уақытша шектеулерге байланысты және резервуарлардың шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу үшін мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін бақылаулы түрде қысқартқанын мәлімдеді. Соның салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша азайған.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім өндірістік процестердің тұрақтылығын сақтау үшін қабылданған және технологиялық сипатқа ие.

Энергетика министрлігі қазіргі уақытта КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және жауапты мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста екенін атап өтті.

Қазір теңіздегі қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру жолдарын пысықтау үшін үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 20 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған NELSA танкеріне қайтадан дрон шабуыл жасаған болатын. Соққыдан кейін кемеде өрт шыққан. Осыған дейін Каспий құбыр консорциумы ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін терминалда мұнай тиеу жұмыстарының тоқтатылғанын хабарлаған еді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор