Иран АҚШ-тың атысты тоқтату туралы ұсынысынан бас тартты
Келіссөздер әскери шиеленіс күшейген кезеңде өткені айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тоқтату жөніндегі ұсынысын қабылдамаған. Бұл туралы The New York Times (NYT) басылымы жазды.
Басылымның мәліметінше, Тегеран Вашингтон ұсынған уақытша келісімге қызығушылық танытпаған. Себебі ұсыныс Ормуз бұғазын бақылау мәселесін қамтымайды және негізгі даулы мәселелерді шешпейді.
NYT дерегіне сәйкес, америкалық ұсыныстың нақты мазмұны жарияланған жоқ. Алайда келіссөз үстеліндегі жалғыз ұсыныс осы болғаны айтылды.
Басылымның жазуынша, бұл келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамп әскери операцияларды кеңейтіп, көпірлер мен электр станциялары сияқты маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеген кезеңде өткен.
Сонымен қатар АҚШ-тың Иран аумағына жасаған соққылары 13-күн қатарынан жалғасқаны хабарланды. Соңғы мәліметтер бойынша, Бендер-Аббас порт қаласында жарылыстар тіркеліп, электр қуатының үзілуі байқалған және бірнеше адамның зардап шеккені айтылған.
Материал авторы