«Peaky Blinders» сериалының жұлдызы Comic Con Astana-ға келеді
Артур Шелби рөлімен танылған Пол Андерсон тамыз айында Астанаға келеді.
«Peaky Blinders» сериалының жұлдызы Пол Андерсон 6-9 тамыз аралығында елордада өтетін Comic Con Astana 2026 фестивалінің төртінші хэдлайнері ретінде Қазақстанға келеді.
Comic Con Astana тарихында алғаш рет фестивальге бірден төрт халықаралық хэдлайнер қатысады. Николай Костер-Вальдау, Иньяки Годой және Таз Скайлар бастаған жұлдызды құрамға “Peaky Blinders” сериалындағы Артур Шелби рөлімен танылған британдық актер Пол Андерсон қосылды.
Фестиваль аясында актер басты сахнаға шығып, шығармашылық жолы мен танымал кинотуындылардағы жұмысы туралы әңгімелейді, жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ Пол Андерсон фото және қолтаңба сессияларына қатысады.
Пол Андерсонға әлемдік танымалдық әкелген рөл — Артур Шелби. Ол Томми Шелбимен қатар «Peaky Blinders» британдық сериалының негізгі кейіпкерлерінің бірі. Артур Шелби қазіргі телевизиядағы ең танымал әрі есте қаларлық кейіпкерлердің біріне айналды. Ал сериалдың өзі дүние жүзіндегі миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленіп, заманауи телевизиядағы ең әйгілі жобалардың бірі болды.
«Peaky Blinders» сериалынан бөлек, Пол Андерсон «Sherlock Holmes: A Game of Shadows», «Legend», «The Revenant», «In the Heart of the Sea», «Nightmare Alley» фильмдерінде және басқа да халықаралық жобаларда рөл сомдаған.

Comic Con Astana 2026 өз тарихында алғаш рет бір фестиваль аясында әлемдік деңгейдегі төрт хэдлайнерді жинайды. Бұған дейін ұйымдастырушылар «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдаудың, сондай-ақ Netflix ұсынған One Piece сериалының жұлдыздары — Манки Д. Луффиді сомдаған Иньяки Годой мен Санджи рөлін орындаған Таз Скайлардың қатысатынын хабарлаған болатын.
Фестивальдің арнайы қонақтары қатарында әлемге әйгілі Kamui Cosplay косплей-дуэті, кәсіби косплеер әрі ірі халықаралық косплей фестивальдерінің қазылар алқасының мүшесі Leon Chiro, Comic Con Astana 2025 байқауының Гран-при иегері Grafomanka және K-pop хореографы Jay Kim бар. Сонымен қатар фестивальге танымал блогерлер мен контент авторлары Даня Крастер, Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Егор Шкред және Nowkie, сондай-ақ Marvel, DC, Image және басқа да әлемдік ірі баспалармен жұмыс істейтін италиялық суретші Паоло Панталена қатысады.
Comic Con Astana өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі ретінде танылды. Әр жылдары фестивальдің хэдлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт, Пьер Спенглер және Александр Кузнецов болды.
Биыл фестиваль қонақтарын жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы, ауқымды көрме аймағы, түрлі таныстырылымдар, фото және қолтаңба сессиялары, бейнеойындар мен үстел ойындары бойынша турнирлер, шақырылған әртістердің өнері, сондай-ақ кино, комикс, аниме, ойын және заманауи поп-мәдениет жанкүйерлеріне арналған ондаған тақырыптық алаң күтеді.
Comic Con Astana 2026 фестивалі 6–9 тамыз аралығында Астанадағы «Барыс Арена» мен «Алау» мұз сарайында өтеді.
Билеттер фестивальдің comicconastana.kz ресми сайтында және Яндекс Афиша платформасында қолжетімді.
2026 жылы фестиваль серіктестері қатарында Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, BIGBON, Chupa Chups, сондай-ақ басқа да жергілікті және халықаралық брендтер бар.