35 рет пышақтады: Нұрайдың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот басталды
Прокурордың мәліметінше, айыпталушы Нұрай Серікбайды ұзақ уақыт қудалап, кейін оған 35 рет пышақ жарақатын салған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті. Прокурор айыптау актісін оқып, айыпталушыға тағылған айыптардың мән-жайын жария етті. Бұл туралы «Otyrar.kz» хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сотталушы Шерхан Аймахан марқұмды еркінен тыс алып қашқан, ұзақ уақыт бойы аңдып, қудалаған. Тіпті бір күні екі сағаттың ішінде оған 76 рет қоңырау шалған. Ал Нұрай бірге саябаққа барудан бас тартқаннан кейін оған пышақпен 35 рет соққы жасаған.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта өткен алдын ала тыңдауға денсаулығына байланысты өткен отырысқа қатыса алмаған Шерхан Аймахан бұл жолы күзетпен жеткізілді. Оның мойны мен сол қолы медициналық таңғышпен оралған.
Прокурор қандай айыптар жариялады?
Мемлекеттік айыптаушы Мәдияр Әбілқасымовтың айтуынша, сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылған.
Айыптау тарапының мәліметінше, күдікті алдын ала алып келген пышағымен Нұрайға алғашында 5-6 рет соққы жасаған. Қыздың жан даусын естіген куәгер оқиға орнына келген кезде, күдікті бірнеше метр қашып барып, кейін қайта оралып, қылмыстық әрекетін соңына дейін жеткізген.
Прокурордың мәліметінше, куәгердің көз алдында ол жерде жатқан қызға тағы да шабуыл жасап, жалпы саны 35 пышақ жарақатын салған. Оның тоғызы кесіп-тескен, 24-і денеге терең енген жарақат болған. Нұрай алған ауыр жарақаттары мен көп қан жоғалтудың салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Осыдан кейін күдікті ізін суытқан.
Қудалау қалай басталған?
Тергеу мәліметінше, қайғылы күні Нұрай дүкенге шыққан кезде жолыққан күдікті оны саябаққа бірге баруға шақырған. Қыздың бас тартуы, айыптау тарапының болжамынша, қылмысқа түрткі болған.
Нұрай мен Шерхан туыстарының отбасылық жиынында танысқан. Кейін екеуі кездесіп жүрген. Біраз уақыттан соң жігіт қызға үйленуге ұсыныс жасағанымен, Нұрай отбасын құруға дайын емес екенін айтып, келіспеген.
Соған қарамастан, тергеу дерегіне сәйкес, сотталушы қызды оның еркінен тыс алып кеткен. Кейін Нұрай көмек сұрай алғаннан кейін, ағалары полиция қызметкерлерімен бірге оны алып шыққан.
Алайда осыдан кейін де қудалау тоқтамаған. Тергеу мәліметінше, кей кездері күдікті екі сағат ішінде 76 рет қоңырау шалған. Нұрай бірнеше мәрте кездесуден бас тартып, тіпті екі рет телефон нөмірін ауыстырса да, күдікті оны мазалауын жалғастырған.
Сотталушы айыпты мойындамады
Алдын ала сот отырысында Шерхан Аймахан өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол журналистердің сот залына қатысуына және процесті тікелей эфирде көрсетуге қарсы екенін айтып, істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады.
Тараптардың уәждерін тыңдаған сот кеңесу бөлмесіне шығып, негізгі сот талқылауын 28 шілдеге белгіледі.
Судья Самиддин Теміралиевтің айтуынша, сот отырыстары ашық режимде өтеді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері заң талаптарына сәйкес қатысып, түсірілім жүргізе алады. Алайда тараптардың ортақ келісімі болмағандықтан, процесті тікелей онлайн трансляциялау рұқсат етілмейді.
Айта кетейік, қылмыс биылғы 11 қаңтарда болған. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеті айға созылды.
Материал авторы