Әлемде мұнай бағасы 100 доллардан асып түсті
Ирандағы шиеленіс мұнай нарығын дүр сілкіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрт шиеленісуі аясында әлемдік мұнай бағасы қарқынды өсіп жатыр. Brentмаркалы мұнайдың құны ұзақ уақыттан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты.
Астана уақытымен таңғы сағат 08:15-тегі мәлімет бойынша, Лондондағы ICE биржасында қыркүйек айына арналған Brent мұнайының фьючерстері 7,36 пайызға қымбаттап, барреліне 101 долларға жетті.
Сонымен қатар америкалық WTI маркалы мұнайының фьючерстері де 6,1 пайызға өсіп, барреліне 92,13 долларды құрады.
Сарапшылар мұнай бағасының күрт көтерілуін әлемдік энергия тасымалы өтетін негізгі теңіз бағыттарындағы қауіптің артуымен байланыстырып отыр. Әсіресе АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс салдарынан Ормуз бұғазындағы жағдай нарыққа айтарлықтай әсер еткен.
Бұған қоса, әлемдік сауданың шамамен 12 пайызы өтетін Баб-эль-Мандеб бұғазындағы ахуал да инвесторлардың алаңдаушылығын күшейтіп, мұнай бағасына қосымша қысым түсіріп отыр.
Материал авторы