3633

Сауд Арабиясының ханзадасы Лондондағы қонақүйде өлі табылды

Ханзаданың неден қайтыс болғаны анықталды.

Сауд Арабиясының ханзадасы Лондондағы қонақүйде өлі табылды
SAOC

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сауд Арабиясы королі әулетінің алыс туысы саналатын 29 жастағы ханзада Абдулла бин Фахад бин Абдулла бин Абдулазиз бин Джалави әл Сауд Лондондағы қонақүйлердің бірінен өлі күйінде табылды. Бұл туралы The Times басылымы жазды.

Басылым мәліметінше, ханзаданың мәйіті 2025 жылғы 25 қарашада Лондонның Кенсингтон ауданындағы бес жұлдызды Marriott қонақүйінің жуынатын бөлмесінен табылған. Алайда бұл оқиғаның мән-жайы жұртшылыққа тек қазір ғана белгілі болды.

Сараптама нәтижесінде марқұмның қанындағы алкоголь мөлшері көлік жүргізушілеріне рұқсат етілген деңгейден шамамен үш есе жоғары болғаны анықталған. Бұдан бөлек, оның ағзасынан гамма-гидроксибутират (GHB), каннабис және Xanax препаратының іздері табылған.

Медициналық сараптама ханзадада созылмалы аурулардың болмағанын көрсетті. Мамандардың қорытындысына сәйкес, өлімге алкоголь мен есірткі заттарының қатар қолданылуынан туындаған жүректің тоқтап қалуы себеп болған.

Сондай-ақ тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиғадан шамамен үш ай бұрын ханзада Лондондағы жекеменшік клиникалардың бірінде алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен арылу үшін ем қабылдаған.

Материал авторы