«Бесінші әрекет сәтті болды»: Дариға Бадықова көпшілікке қуанышты жаңалығын жеткізді
Актриса көптен күткен сәби дүниеге келгенін ашық айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса әрі кинопродюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желіде көпшіліктен сүйінші сұрап, өзі қолдау көрсеткен отбасының көптен күткен сәби сүйгенін хабарлады.
Өнер иесінің айтуынша, 2025 жылы ол «Мәриям» қорына хабарласып, есту қабілеті төмен әрі сөйлеу мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптылардың ата-ана атануына көмектесуді қолға алған.
Алайда алғашқы жүктілік сәтсіз аяқталған. Соған қарамастан дәрігерлер емдеуді тоқтатпай, отбасына қолдау көрсетуді жалғастырған.
«Алғашқы жүктілік түсікпен аяқталды. Бірақ дәрігерлер үміт үзген жоқ. Бар күшін салып емдеді. Бесінші эмбрионды көшіруден кейін жүктілік сәтті болды. Міне, бір отбасы сәби сүйді. Шүкір!» – деп жазды Дариға Бадықова.
Актриса бұл жаңалықтың өзін ерекше қуантқанын айтып, емдеу процесіне қатысқан дәрігерлерге алғыс білдірді.
Сонымен қатар ол сәби сүюді армандаған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Мәриям» қорына тұрақты түрде қайырымдылық жасап тұратынын жеткізді.
«Перзент сүюді армандаған жандарға аз да болса пайдам тисін деймін. Жақсы адамдардың жүзі жадырап, қуанышы көбейсін. Жұғысты болсын!» – деді өнер иесі.
Материал авторы