Емтихансыз: Енді Дубайда Қазақстанның жүргізуші куәлігімен жүруге болады
БАӘ-де уақытша жүрген отандық туристер мен тұрғындар енді Қазақстанда алған куәліктерімен еркін көлік айдай алады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісім ресми түрде өз күшіне енді. Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің БАӘ-ге жасаған жұмыс сапары барысында қол қойылған бұл құжат екі ел азаматтары үшін жол жүру тәртібін айтарлықтай жеңілдетеді.
Жаңа ережеге сәйкес, БАӘ аймағында уақытша жүрген Қазақстан азаматтары жергілікті заңнама талаптарын сақтай отырып, отандық жүргізуші куәлігімен көлік басқара алады. Ал бұл елге тұрақты тұруға (ТТЖ) көшкен жағдайда, құжатты теориялық және практикалық емтихандарсыз-ақ жеңілдетілген схема бойынша ауыстыруға мүмкіндік беріледі.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жеңілдетілген тәртіп тек «В» (жеңіл автокөліктер) категориясы мен «В1» (трициклдер мен квадроциклдер) подкатегориясына ғана қатысты.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру процедурасы үшін келесі құжаттар қажет:
-
Жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі;
-
Тұрақты тұруға рұқсат беретін құжат (тұрақтау куәлігі);
-
Құжаттың ресми аудармасы (БАӘ-де араб тіліне, Қазақстанда қазақ немесе орыс тіліне);
-
Міндетті медициналық тексеруден өту туралы анықтама.
Айта кетерлігі, құжатты ауыстыру кезінде азаматтардың ұлттық жүргізуші куәлігі тартып алынбайды. Рәсім аяқталғаннан кейін екі мемлекеттің құзыретті органдары тек өзара хабарлама алмасады. Бұл тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға келген БАӘ азаматтары үшін де дәл осылай қолданылады. Ал басқа санаттағы куәліктерді алмастыру қабылдаушы елдің жалпы заңнамалық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Материал авторы