Көкшетауда 18 жастағы жігіт автожуу орнында токқа түсіп қайтыс болды
Жоғары кернеулі ток тиген жас жігіт оқиға орнында тіл тартпай кетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетау қаласындағы автожуу орындарының бірінде адам өлімімен аяқталған сорақы қайғылы оқиға орын алды. Тәшенов көшесі бойында орналасқан нысанда металл бұрыштаманы демонтаждау (бұзу) жұмыстары кезінде конструкция жоғары кернеулі электр желісіне тиіп кеткен.
Электр тогының соққысынан 18 жастағы жуушы алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал оның жанында бірге жұмыс істеген жасөспірім әріптесі ауыр жарақат алды. Ол І–IV дәрежелі күйік шалып, травматикалық шок диагнозымен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жансақтау бөліміне шұғыл жеткізілді.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы қазіргі уақытта тұрақты.
«Азаматтың өміріне тікелей төніп тұрған қауіп жоқ. Ол жағдайын динамикалық бақылау мен мониторинг жүргізу үшін бірнеше сағат бойы жансақтау бөлімінде болды. Қазіргі уақытта оған медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Аталған факті бойынша еңбекті қорғау ережелерін бұзу бабы аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық егжей-тегжейі мен жауапты тұлғалардың кінәсі анықталуда.
Материал авторы