1847

Санаэ Такаити ханым Жапонияны ядролық держава етпек

Жапонияның қазіргі үкімет басшысы Санаэ Такаити өзіне дейінгілерден мықты шықты. Өзі Жапонияның тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр. Жапонияда ядролық қару бағдарламасы Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде бастау алған болатын. Бірақ Жапония жеңіліп, тізе бүккеннен кейін ядролық қару бағдарламасы тоқтатылған. Келе-келе Жапонияда ядролық қаруға ие болмау, оны өндірмеу және өз аумағына өзге елдердің ядролық қаруын кіргізбеу туралы қағида енгізілді. Бұл қағида осы күнге дейін жұмыс істеп келеді. Қазіргі күнге дейін Жапонияның сырттағы ядролық қарудан қауіпсіздігі Американың жауапкершілігінде.

Санаэ Такаити ханым Жапонияны ядролық держава етпек
AI / SMARTNEWS.KZ

Қазіргі үкімет басшысы Санаэ Такаитидің билікті қолға алғанына әлі бір жыл болған жоқ. Былтыр күзде сайланған. Ол былтырдан бері Жапонияның ядролық қаруға ие болмау, оны өндірмеу және өз аумағына өзге елдердің ядролық қаруын кіргізбеу туралы бұлжымас қағидасын бұзуға күш салуда. Премьердің бастамасы үкімет мүшелері тарапынан қолдау тапқан сияқты. Ал халықтың арасында бұған қарсылық білдіріп жатқандар аз емес. Яғни қарсылар ядролық қарусыз Жапония қалпын сақтауды дұрыс санайды. Сол сияқты өз ядролық қаруымыз болуы керек дейтіндер де көп. Не керек, Жапония сексен жыл тоқтап тұрған ядролық қару бағдарламасын қайта ашатын болды. Сондықтан бағдарламаның заңнамалық-құжаттық негіздемелері биылғы жылдың соңына дейін жасалады. Ұлттық қауіпсіздік, ұлттық қорғаныс стратегиялары және қорғанысқа қабілеттілік жоспары доктринасының жаңа нұсқасы биылғы жылдың соңына дейін жариялануы мүмкін.

Photo: Chang W.Lee / NYT

Иә, Жапонияға Ресейден, Қытайдан және Солтүстік Кореядан қауіп үлкен. Олардың бәрі де ядролық мемлекеттер. Жапонияның қауіпсіздігіне Америка қағаз жүзінде кепіл болғанымен, іс жүзінде нақты қалай болатынын ешкім болжай алмайды. Оның үстіне Американың өзі әр президенттің тұсында әртүрлі болып құбылып жатқан заман. Жапония үшін тұрақты, сенімді өз қорғанысы керек. Сол себепті премьер-министр Санаэ Такаити өз қызметіне ядролық қару мәселесін көтере келді. Бұған Ресей, Қытай және Солтүстік Корея билігіндегілер алаңдап, қарсы пікірлерін айтып келеді. Кез келген елдің ядролық қару жасауына әлемнің ядролық державалар клубының мүшелерінің рұқсаты керек. Жапонияның ядролық бағдарламаны қайта бастауы клуб мүшелері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Пәкістан және Израиль тарапынан қолдау табуы мүмкін. Клубтың тізімінде Израиль де бар екен. Бұл елде ядролық қару бар деп есептеледі, бірақ ресми расталмайды.

Жапонияда ядролық қару жасауға қажетті нәрсенің бәрі молынан жеткілікті. Өйткені ол елде бейбіт атом бағдарламасы жұмыс істейді. Мысалы, ондай қаруға қажетті плутонийдің 44,4 тоннасын дайындап қойыпты. Бұл 5,5 мың ядролық оқтұмсық жасап шығаруға жетеді екен. Маманды да сырттан іздемейді, жоғары білікті адамдар өздерінде бар.

Әлемдегі ядролық отынды қайта өңдеу мен жасап шығару нарығының едәуір бөлігі Қытайдың бақылауында. Соңғы жылдары Қытай бұл нарықтан Жапонияны шеттете бастаған. Нарықтан Жапония өзінің Атом электр станцияларына керекті затты жеткілікті мөлшерде ала алмай келсе керек. Енді Жапонияның ядролық қару жасауға бет алысына бұл да бір себеп пе, кім білсін. Негізгі себеп айналасындағы көрші ядролық елдер тарапынан ықтимал ядролық қоқан-лоққыға қарсы дайын болу.

Photo: David Mareuil/Anadolu Agency via Getty Images

Ядролық қаруға ие болмау, оны өндірмеу және өз аумағына өзге елдердің ядролық қаруын кіргізбеу қағидасын талқыға салатын ештеңесі жоқ, мұны ұмытатын уақыт жетті деген пікірді Жапонияның Қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми де айтып отыр. Яғни ол премьер-министр Санаэ Такаитидің бастамасын толық қолдайтынын білдірді. Қорғаныс министрі ядродан бас тартудың үш қағидасын сақтайық деп жүрген оппозициялық партиалар мен қоғамдық қозғалыстардың ұстанымына сын айтты. Олар мәселенің арғы жағын көрмейді, қағиданы сақтайық дейді, ал Жапонияны қорғауды ескермейді деді. Премьер-министр Санаэ Такаитидің ядродан бас тартудың үш қағидасынан шығып, ядролық қаруға ие болу бастамасын Жапония халқының басым бөлігі қолдайды.

Ядродан бас тартудың үш қағидасы, яғни ядролық қаруға ие болмау, оны өндірмеу және өзге елдердің ядролық қаруын кіргізбеу қағидалары 1967 жылы жарияланды. Соның өтемі ретінде Жапония мемлекеттер арасындағы қауіпсіздік туралы келісімге сәйкес, Американың ядролық «қолшатырының» астына қабылданған еді. 1970 жылы Жапония ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылды. Бірақ уақыт өтеді, қағидалар өзгереді. Енді міне, Жапония өзінің ядролық қару бағдарламасын жасауға бет алды.

Егер премьер-министр Санаэ Такаитидің бастамасы әлем ядролық державалар клубынан қолдау тапса, Жапонияда уранды байыту мен ядролық оқтұмсықтарды және оның қондырғыларын жасап шығару көп уақытты алмайды. Оны жасау технологиялары жоғары, мамандар сақадай сай. Өзге елдердің жылдап жасайтын ядролық қаруын Жапония бірнеше айда жасап үлгеруі мүмкін.

Санаэ Такаити Жапонияның билік партиясы болып саналатын Либералдық-демократиялық партияны басқарған. Саясатпен айналысып партияда жүрген кезінде Жапонияның қорғаныс мәселелері жайлы кітап жазып шығарды.

Photo: Reuters / Kiyoshi Ota

Санаэ Такаитидің өмір жолы өте қызық. 1961 жылы қарапайым отбасында туған. Әкесі машина жасау зауытында жұмысшы, шешесі полицияда кішігірім қызметте істеген. Әке-шешесі жұмыста болғанда өзі бес-алты жастағы Санаэ үйдегі кішкентай інісіне қараған, бағып-қаққан. Санаэні қымбат мектептерде оқытуды отбасының материалдық жағдайы көтермеген. Арзан мектепте оқыған. Өсе келе жолы болып, Жапониядағы Мацусита институтын бітіреді. Бұл мемлекеттік басқару және менеджмент институты. Одан кейін Жапонияның Кобе деген қаласында орналасқан халықаралық университетті бітірген. Санаэ Такаити барлық кезде әрі оқып, әрі жұмыс істепті. Үнемі мотоцикл айдап жүретін болыпты. Студент кезінде рок-музыкамен айналысқан, ән айтқан, ансамбльдің музыкалық екпінді барабанында ойнаған. Тележүргізу кәсібімен де айналысқан. Кейін ол Америкада жұмыс істепті. 1987 жылы грант ұтып алып, Патрисия Шредер деген АҚШ Конгресі депутатының аппаратында екі жыл істеген. Кейін Жапонияға оралып, заң саласында сарапшы болып істеген, уақыт тауып телеарналарда жүргізуші болған.

Либералдық-демократиялық билік партиясының құрамында жетекшілік деңгейге дейін өсті. Әр кездері ішкі істер министрі, экономикалық қауіпсіздік министрі болған. Ал былтыр премьер-министр лауазымына сайланған. Күйеуі сырқаттан қайтыс болған. Өз балалары жоқ. Күйеуінің бұрынғы әйелінен туған үш баланы өз балалары етіп асырап алған.

Материал авторы

Серік Алдан
Серік Алдан Саяси шолушы