Маңғыстаудың бес бірдей жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді
Бекет атадан Шақпақ атаға дейін ЮНЕСКО қорғауына алынады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның мәдени мұрасы арада 22 жыл салып, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізімін қайта толықтырды. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-ші сессиясында Маңғыстаудағы бес бірдей бірегей жерасты мешіті — Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан епе ғибадатханалары ресми түрде бұл мәртебелі тізімге қосылды.
ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, бұл тарихи қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы мен қолдауының арқасында жүзеге асты. Мемлекет басшысы 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Маңғыстаудағы жерасты мешіттерін ЮНЕСКО номинациясына дайындау жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.
ЮНЕСКО бұл ескерткіштерді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани, мәдени және архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі, сондай-ақ халқымыздың тарихи жадының маңызды сақтаушысы ретінде ресми түрде мойындады. Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстаннан ЮНЕСКО тізіміне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері енгізілген еді.
Ерлан Қарин атап өткендей, халықаралық дәрежедегі бұл тану тек мақтаныш ұялатып қана қоймай, аталған тарихи нысандарды көздің қарашығындай сақтауға үлкен жауапкершілік жүктейді. Кезінде тек ғибадат орны емес, білім мен ағартушылықтың орталығы болған бұл киелі орындар енді әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып, еліміздегі ішкі және сыртқы туризмнің дамуына, жаңа инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына қуатты серпін бермек.
Материал авторы