Байзақтағы сорақылық: Жетім студенттерге тиесілі киім мен жолақы берілмей келген
Білім беру мекемесі заңмен бекітілгеніне қарамастан студенттерге каникулға жолдама бермей, жолақысы мен тәуліктік төлемдерін төлемеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттердің құқықтары өрескел бұзылғаны анықталды. Тіпті заңмен бекітілген әлеуметтік кепілдіктер берілмей, жастар киім-кешексіз және жолақысыз қалған.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, прокурорлық талдау барысында Жамбыл облысындағы №3 Байзақ колледжінде заң бұзушылықтар әшкереленді. Атап айтқанда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеті студентке, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) бір студентке заңда қарастырылған тиісті әлеуметтік көмектер көрсетілмеген.
«Атап айтқанда, аталған студенттерге демалыс кезеңінде демалыс жолдамалары берілмеген, жол жүру шығындары мен тәуліктік төлемдері өтелмеген, киім-кешекпен қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ екі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек төленбеген», — деп хабарлады қадағалаушы орган.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан колледж басшылығының атына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Құжатты қарау қорытындысы бойынша барлық кемшіліктер толығымен жойылып, студенттердің заңды құқықтары қайта қалпына келтірілді.
Материал авторы