Екі көршісіне шабуыл жасаған Данияр Елеусіновтің жұбайына сот үкімі шықты
Айыпталушы өз әрекетін қажетті қорғаныспен түсіндіргенімен, сот бұл уәжді қабылдаған жоқ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайы Саида Елеусіноваға қатысты сот үкімі жарияланды. Ол екі көршісіне дене жарақатын салды деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға биылғы ақпан айында болған. Жәбірленуші Әсел Жабықбаеваның айтуынша, жанжал кезінде Саида Елеусінова агрессивті әрекетке көшіп, оны екі рет ішінен теуіп, шашынан тартқан.
Сондай-ақ жәбірленушінің сөзінше, сол сәтте айыпталушының атасы пәтерге кіріп келіп, оның анасының басынан ұрған. Оқиғадан кейін анасы мен қызы полицияға жүгініп, алған жарақаттарын тіркеткен.
Әлихан Бөкейхан аудандық сотының судьясы Бақтияр Ақановтың мәліметінше, сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен толық дәлелденген.
Сот барысында Саида Елеусінова өзіне тағылған айыптарды мойындамай, қажетті қорғаныс шегінде әрекет еткенін айтқан. Алайда сот қылмыстық іс материалдарын зерделей келе, бұл уәждерді негізсіз деп танып, оның кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келген.
Сот шешімімен Саида Елеусінова Қылмыстық кодекстің 109-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, сот оны жәбірленушілерге 1 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге адвокаттық қызмет шығындарын өтеуге міндеттеді.
Саида Елеусінова журналистерге пікір беруден бас тартты. Алайда сот отырысында үкімге апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.
Материал авторы