Алматы облысында жоғалып кеткен 72 жастағы әйел өлі күйінде табылды
Алты күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен әжейдің мәйіті табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында бірнеше күн бұрын із-түзсіз жоғалған 72 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Бұл туралы Lider еріктілер іздестіру жасағы жазды.
Мәліметке сәйкес, марқұмды құтқарушылар Талғар ауданына қарасты Нұра ауылының маңынан, үйінен шығып кеткен жерге жақын аумақта тапқан.
1954 жылы туған Салюня Гришаева 20 шілде күні шамамен сағат 11:00-де Нұра ауылындағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Еріктілердің айтуынша, әйелдің есте сақтау қабілеті бұзылып, кеңістікті бағдарлауда қиындықтары болған. Оны іздеу жұмыстары алты күн бойы жүргізілді.
Әзірге әйелдің неден көз жұмғаны және оқиғаның басқа да мән-жайы нақтыланбады.
Материал авторы