Кремль мен Киев Тоқаевтың Украинаға қатысты мәлімдемесіне жауап берді
Тоқаев Путинге Украинадағы қақтығысты тоқтату керектігін мәлімдеген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы соғысты тоқтатып, «Стамбұл формуласы 2.0» аясындағы келіссөздерге қайта оралу туралы ұсынысына Ресей мен Украина тарапы пікір білдірді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы бұл пікірін Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде айтқан болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл – мемлекетаралық қақтығыс және Қазақстан украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қарайды.
Президент сондай-ақ Ресей басшысының дипломатиялық күш-жігеріне тоқталып, қақтығысты уақытша тоқтатып, «Стамбұл формуласы 2.0» негізіндегі келіссөздерге қайта оралуды ұсынды. Оның пікірінше, кейін ірі державалардың кепілдігімен ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік туар еді.
Кремльдің ұстанымы
Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Тоқаевтың бұл мәлімдемесі Кремль үшін күтпеген жағдай болмағанын айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан Президенті Украина мәселесіне қатысты өз ұстанымын бұған дейін де бірнеше рет жариялаған.
Песков Ресей тарабы бұл көзқараспен толық келіседі дегенді білдірмейтінін, алайда Қазақстан Ресейдің ең жақын серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол Ресей алдағы уақытта да Украинадағы қақтығысқа қатысты өз ұстанымын түсіндіруді жалғастыратынын мәлімдеді.
Украинаның жауабы
Қазақстан Президентінің мәлімдемесіне Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига де жауап берді.
Украина СІМ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соғысты тоқтатуға шақырған үндеуін «шынайы, дер кезінде айтылған әрі дана мәлімдеме» деп бағалап, оған алғыс білдірді.
Сибиганың айтуынша, Украина қазіргі майдан шебі бойымен атысты тоқтатып, мәселені дипломатиялық жолмен шешуді ұсынып келеді. Алайда оның пікірінше, Кремль әзірге бұл ұсынысты қабылдамай отыр.
Материал авторы