4119

Ресей-Украина соғысы: Тоқаевтың сөздері әлемге майдай жағып тұр

Сонымен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президентімен Омбыдағы кездесу кезінде айтқан сөздері бірден әлемді шарлап кетті. Себебі әлемді шарлап кететіндей және барлық жерде талқыланатындай ғаламдық үлкен мазмұнға ие сөздер еді.

Ресей-Украина соғысы: Тоқаевтың сөздері әлемге майдай жағып тұр
AI / SMARTNEWS.KZ

Әңгіме арасында Тоқаев Путинге соғысты тоқтатуды ұсынды. Тоқаевтың пікірінше, болып жатқан жағдай Ресейдің де, Украинаның да дұшпандарына жағады және оларды миығынан күлдіреді. Тоқаев Еуропа мен Америкадан өзіне осы соғысты тоқтату жайлы «сигналдар» көп түсіп жатқанын айтты. «Бұл қақтығыстың табиғаты көп адамға түсініксіз, оның ішінде бізге де» деді. Мысалы, Әзірбайжан мен Армения арасында өткен соғыстың мәні түсінікті болған еді. Ол тарихтан келе жатқан текетірес болатын. Ал Ресей мен Украина арасындағы соғыстың мәні түсініксіз деу, бұлыңғырлау.

Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысты қандай да бір азаматтық соғыс емес деді. Бұл екі мемлекет арасындағы жанжал деп бұрын да айтқан, қазір де айтты.

«Қақтығысты уақытша тоқтатып, стамбұлдық 2.0 формуласына оралған жөн шығар. Әрине, АҚШ сияқты алып державалардың кепілдігімен. Мен араағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын», - деді Тоқаев.

Міне, бүкіл әлемде қызу талқыға түсіп жатқан нәрсе осы әңгіме. Тоқаевтың сөзіне орай Путин әзірге қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үн қатты. Ол Ресей тоқтамайды, мақсатымызға соғыспен жетеміз дегенге келтірді. Песковтың сөзінше, егер Украина тоқтаса ғана Ресей тоқтайды.

Photo: Ақорда

Иә, бұл соғыстың түсініксіз жағы көп. Ресей Еуропадан теріс бұрылғанда не ұтады? Қырыммен тоқтамай Украинаның барша аумағына ауыз салу үшін басып кірудегі көксегені не? Тәуелсіз мемлекетті жоюға ұмтылу қай заңға сыяды? Араларында терең тарихтан келе жатқан жаугершілік жоқ. Украинадағы орыс тілін қорғау деген желеудің салмағы жоқ. Украинаның Еуропаға бет бұрып бара жатқан ештеңесі жоқ еді ол кезде. НАТО Шығысқа қарай өңмеңдеп бара жатыр деген сылтау да бұлыңғыр көрінеді. Сонда нақты себеп мынау деп көрсететін не бар? Себеп Украинаны Ресейге қосып алу болған ба? Себеп Украинаны қарусыздандыру мен ұлтсыздандыру ма? Осының бәрінің жауабы солғын. Ресей әр кезде әртүрлі себепті алға тартып келеді. Қисынға келе бермейтін тарихи себепті де алға тартады. Украина деген мемлекет жоқ, болған емес деген сөзді де шығарды. Қым-қиғаш, шым-шытырық және түсініксіздеу саясатты қайталаумен келеді.

Бұған қоса әлемдегі астық нарығының үштен бірі Ресей мен Украинаның үлесінде болатын. Осы жетістіктен айырылғанда Ресейдің ұтатын нәрсесі не еді? Мұнай мен газды Еуропаға теңізге ағызып ақшаның астында қалып келген Ресей одан айырылғанда не ұтты? Мызғымастай болып қалыптасқан үлкен экономиканың осы күні түбі көрініп қалды, бюджет тапшылығы жылдан-жылға артуда. Әскердің өлгені мен жараланғаны бір жарым миллионды жағалап қалды, соғыстың басталғаны бес жылға қарап барады. Ресейдің теңіз порттары мен кемелері, мұнай өңдеу зауыттары, логистикалық жолдары дроннан өртеніп жатыр. Енді логистикалық ірі орталықтар, яғни ірі қоймалардың төртеуі өртенді. Тек төрт қойманың өзі Ресейдің бюджетін триллиондаған рубль салықтан айырып отыр. Ресей сонда да Украинаның соғысты тоқтатайық деген ұсынысын қабылдамай, қалаларды алыстан атқылаумен келеді. Осының бәрі не үшін дегенге тұщымды жауап табу қиын.

Басында Украина өзімен-өзі тыныш жатқан жас, тәуелсіз мемлекет еді. Жарытымды сыртқы саясаты да болмады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін дамытып, еңбек етіп жүрген ел болатын. Астық пен сұйық майдың кені Украина болды. Оның экспорты кеңге тарап жатқан. Осыны бүлдіргенде Ресей нені ұтты? Бұл да түсініксіз.

Photo: Ақорда

Қысқасы, түсініксіз жағы көп соғыс екені рас.

Путин Омбыдағы кездесуде болған әңгімеден кейін арнайы операцияның қыр-сырын Тоқаевқа баяндады деген әңгіме жүр. Қалай және не деп баяндағаны белгісіз.

Ал соғыста босқа екі жақтан да әскер қырылып жатыр. Украинада үйлер мен әлеуметтік нысандар қирап, қаншама бейбіт тұрғын қаза болды. Өздерінің ішкі де және ғаламдық та экономикалық жүйе бұзылды. Ал қазіргі кезде соғыс тек Ресей мен Украинаның шеңберінен шығып жатыр. Ең қауіпті жағы да осы. Қазақстанның бір танкері және Иранның бір жүк кемесіне теңізде соққы берілді. Каспий құбырлы консорциумы терминалына бірнеше рет шабуыл жасалды. Сондықтан Украина дрондарының шабуылына Ресейдің одақтастары да ұшырап жатыр. Ал бұл нәрсе жағдайды одан бетер шиеленістіруі мүмкін. Тоқаевтың соғысты уақытша тоқтатып, келіссөзге отыру туралы ұстанымы осындай мақсатсыз соғысты доғару деген сөзді меңзейді.

Ғаламдық саясаттың жөн сөзін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевқа Украина билігі ризалық білдірді.

Тоқаевтың Қазақстан Украина халқына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарайтынын, бізге де түсініксіз соғыс екенін, бұл соғысты тоқтату керектігін, алайда бұған араағайын болмайтынын айтуы Қазақстанның ресми ұстанымы екені сөзсіз. Тоқаев бұл түйінді проблеманың шешімі Ресейдің өз қолында екенін меңзеді.

Материал авторы

Серік Алдан
Серік Алдан Саяси шолушы