«Борат» бейнесін қолданған отандық Shoqan бренді даудың астында қалды (ВИДЕО)
Атышулы бейнежазба өшірілгенімен, әлеуметтік желідегі наразылық бәсеңдей қойған жоқ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ерлерге арналған отандық Shoqan (shoqansuits) киім бренді әлеуметтік желіде «Борат» фильміндегі кейіпкердің бейнесін жарнамаға пайдаланып, қоғамның қатты сынына ұшырады. Жұртшылықтың наразылығынан кейін компания мен оның иесі ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
Желі қолданушыларының пікірінше, қазақ халқының ар-намысын таптап, мазаққа айналдырған «Борат» кейіпкерін коммерциялық мақсатта қолдану — мүлде жол берілмейтін сорақылық. Тіпті атышулы ролик кейіннен өшірілгенімен, талқылау басылған жоқ. Тұтынушылар контентті өшіру компанияны жауапкершіліктен босатпайтынын қатаң ескертті.
Резонанстан кейін Shoqan бренді мен оның негізін қалаушы Ұлықбек Шарипов ресми түсініктеме берді. Компания өкілдері даулы роликтің осыдан бірнеше ай бұрын жарияланғанын және қазір парақшалардан толықтай өшірілгенін хабарлады. Сонымен бірге, бұл қадам арзан хайп жинау немесе Қазақстанға, ұлттық мәдениетке және мемлекеттік тілге құрметсіздік таныту мақсатында жасалмағанын жеткізді.
«Кез келген адам да, компания да қателесуі мүмкін. Ең бастысы — қателікті мойындап, одан сабақ алу және оны қайталамау», — делінген компания мәлімдемесінде.
Сондай-ақ компания өз сөзінде әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпағанын алға тартты. Мәселен, бренд қазақ және ағылшын тілдерінде білім беретін мектеп ашқанын, ондағы оқушылардың 40 пайызы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар екенін еске салды. Бұған қоса, орыстілді аудиторияға арналған контент болса да, алдағы уақытта қазақ тіліндегі жарияланымдар үлесін едәуір арттыруға сөз берді.
Материал авторы