ШҚО-да белгілі кәсіпкер әйелді өз үйінде өлтіріп кетті
Қайғылы жағдай кезінде үйде ерлі-зайыптылардың немерелері болған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка ауылында белгілі кәсіпкер әйелге үйінде шабуыл жасалып, ол қаза тапты. Оқиға кезінде оның күйеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасы мен ШҚО полиция департаменті жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай 23 шілде күні Белоусовка ауылында болған. Белгісіз адамдар жеке үйге кіріп, отбасы мүшелеріне шабуыл жасаған.
Шабуыл салдарынан ауыл тұрғындары арасында танымал кәсіпкер әйел көз жұмған. Оның күйеуі түрлі жарақатпен Өскемен қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деңгейде деп бағалаған.
Үйде немерелері болған, бірақ олар зардап шекпеген
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйелді тұншықтырып өлтіруі мүмкін деген болжам бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қылмыс болған сәтте үйде ерлі-зайыптылардың немерелері де болған. Бақытымызға қарай, балалар зардап шекпеген.
Полиция күдіктілерді аймақтан қашуға әрекеттенген кезде ұстады
ШҚО полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне Белоусовка ауылында аса ауыр қылмыс жасалғанын және қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында цифрлық құралдарды пайдалану және азаматтардың көмегі арқылы полиция қызметкерлері күдікті тұлғаларды анықтады. Олар облыс аумағынан тыс жерге жасырынуға әрекеттенген кезде ұсталды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің барысы ерекше бақылауға алынған.
Полиция тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтерді жариялаған жоқ.
Материал авторы