Криштиану Роналду ойнайтын клуб миллиардтаған қарызға белшесінен батты
Сауд Арабиясы чемпионы жүздеген миллион еуро көлеміндегі қарыздан кейін трансфер жасау мүмкіндігінен айырылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Криштиану Роналду өнер көрсететін Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы күрделі қаржылық жағдайға тап болды. Команданың қарызы 800 млн сауд риалынан асып, клуб басшылығына жаңа ойыншылармен келісім жасауға шектеу қойылған. Бұл туралы Goal.com басылымы Сауд Арабиясының Al-Riyadiah газетіне сілтеме жасап жазды.
Басылым мәліметінше, «Әл-Наср» өткен маусымдағы қаржылық шешімдердің салдарынан ірі қарызға батқан. Қарыз көлемі 800 млн риалдан астам, яғни шамамен 187 млн еуродан жоғары деңгейге жеткен.
Клубтағы жағдай Сауд Арабиясы кәсіпқой футбол лигасының қатаң бақылауына алынған.
PIF қоры клуб басшылығына шектеу қойды
Команданың иесі саналатын Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры Public Investment Fund (PIF) қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар қатаң шара қабылдаған.
Қор клубтың қазіргі басқару тобына жаңа келісімдер жасау мүмкіндігін шектеген.
Al-Riyadiah дереккөзіне сәйкес, клуб басшылығы жаңа маусымға арналған келісімдерге тек өз кірістерінен қажетті қаражат бар екенін дәлелдеген жағдайда ғана қол қоя алады.
Яғни «Әл-Наср» енді жаңа футболшыларды сатып алу үшін демеушілік түсімдерін немесе басқа коммерциялық кірістерін көрсетуі керек.
Роналду клубы трансферлік шектеуге тап болды
Қаржылық қиындықтарға байланысты Эр-Рияд клубы жаңа ойыншыларды тіркеу және келісімшарт жасау мәселесінде шектеулерге тап болды.
PIF қайта құрылымдау жоспарын үш негізгі бағыт бойынша жүргізіп жатыр.
- Біріншісі – клуб басшылығының қаржылық өкілеттіктерін қысқарту.
- Екіншісі – тәуелсіз қаржылық, бизнес және құқықтық кеңесшілерді тарту. Олар клуб кірісін арттыру, шығындарды бақылау және қаржылық тұрақтылыққа қайтару жоспарын әзірлеуі тиіс.
- Үшінші бағыт – клубтың меншік құрылымын қайта қарау. Қазіргі уақытта PIF «Әл-Насрды» сатып алуға қатысты екі маңызды ұсынысты қарастырып жатыр. Қор толық емес, ішінара сатуға басымдық беріп отырғаны айтылған.
PIF спорттық шешімдерге тікелей араласа алмайды
Дереккөздің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралардың мақсаты – клубтың қаржылық және коммерциялық құнын сақтау, қарыз көлемінің одан әрі өсуіне жол бермеу және басқару талаптарын күшейту.
Сонымен қатар PIF иелігіндегі спорттық жобалар халықаралық ережелерге бағынады. FIFA және басқа да футбол ұйымдарының талаптарына сәйкес, бір иенің қарамағындағы бірнеше клуб арасында әділ бәсекені сақтау үшін қор қаржылық қолдауды тең бөлуі керек.
Сондықтан PIF спорттық шешімдерге тікелей араласа алмайды.
Қазір «Әл-Наср» алдында басты міндет тұр: қымбат жұлдыздар дәуірінен кейін қаржылық тепе-теңдікті қайта табу. Футболда кейде гол емес, бухгалтерлік есеп шешуші соққы жасайды. Миллиондарды шашу оңай, ал сол ақшаның есебін беру әлдеқайда қиын.
Материал авторы