Қазақстанда мұнай экспорты қайта жанданды: КҚК терминалы кемелерді қабылдай бастады
Мұнай тасымалы дрон шабуылдарынан кейін уақытша тоқтатылған болатын.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұнайын сыртқы нарыққа шығаратын негізгі бағыттардың бірі қайта іске қосылды. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы мұнай қабылдау және тиеу жұмыстарын қайта бастады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі жазды.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, КҚК жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және теңіз терминалы арқылы жөнелту операцияларын қайта қолға алған.
Қазіргі уақытта консорциумның екі қашықтағы айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр.
Ведомство мәліметінше, екі кеме де Tengizchevroil компаниясының мұнайын қабылдап жатыр.
Мұнай қабылдаудың қайта басталуы қазақстандық мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жіберуді және Новороссийскідегі теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды жалғастыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі терминалдағы жұмыстар қазіргі жағдайды бағалау және қажетті қауіпсіздік талаптарын ескеру арқылы жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына жасалған шабуылдардан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.
20 шілдеде КҚК терминалы маңында жүк тиеп жатқан NELSA танкеріне шабуыл жасалып, дрон соққысынан кейін кемеде өрт шыққан.
Ал 23 шілдеде Қазақстан Энергетика министрлігі кеме, экипаж қауіпсіздігін және Қара теңіздегі экологиялық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында КҚК теңіз терминалындағы тиеу операциялары тоқтатылғанын хабарлаған.
Энергетика министрлігі қазіргі уақытта КҚК басшылығымен, ірі мұнай жөнелтушілермен және басқа да процеске қатысушылармен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
Ведомство қазақстандық мұнайды әрі қарай тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жағдайды бақылап, қажетті шараларды үйлестіріп отырғанын жеткізді.
КҚК бағыты Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі бұл құбыр жүйесі елдегі мұнай экспортының негізгі арналарының бірі саналады. Мұнай нарығында бір күндік үзілістің өзі миллиардтаған шығын қаупін тудырады, сондықтан мұндай инфрақұрылымдағы әрбір тоқтау қарапайым «техникалық кідіріс» болып қалмайды.
Материал авторы