1353

Ыстықкөлде қазақстандық әйел 14 жастағы қызды ұрған

Жарақат алған қыз ауруханаға жеткізіліп, оның миы шайқалып, мұрны сынғаны хабарланды.

Ыстықкөлде қазақстандық әйел 14 жастағы қызды ұрған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанның Ыстықкөл өңірінде қазақстандық туристер мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал болып, салдарынан 14 жастағы қыз жарақат алған. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда әйелдер арасындағы жанжал және жасөспірім қыздың жарақат алған сәттері көрсетілген. Кадрларда әйелдердің бір-біріне айқайлап, ер адамдардың оларды ажыратуға тырысқаны байқалады.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға Ыстықкөл жағалауындағы демалыс орындарының бірінде болған.

Өзбекстандық туристің сөзінше, жанжал бір топ қыз өтіп бара жатқан кезде басталған. Оның айтуынша, отырған әйелдің жанына қоқыс ұшып барған. Әйел қыздардан оны жинауды талап еткен, алайда жасөспірімдер қоқыс өздерінікі емес екенін айтқан.

Куәгердің сөзінше, қыздар қоқысты жинауға қарсы болмағанымен, осыдан кейін әйел оларға балағат сөздер айта бастаған.

«Бір кезде әйел қыздардың біріне келіп, басынан және мойнынан ұстап алды. Адамдар жүгіріп келіп, “ұрыспаңыз, ол кішкентай қыз ғой” деп ажыратуға тырысты. Бірақ әйел “мен әлі ұрып бастаған жоқпын” деді. Кейін қызды жерге құлатып, аяқпен тепті», – деді куәгер.

Оқиға салдарынан 14 жастағы қыз жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Алдын ала мәлімет бойынша, оның миы шайқалып, мұрны сынған.

Әлеуметтік желіде тараған тағы бір видеода жараланған қыздың жерде отырғаны көрінеді. Оған айналасындағылар су беріп, көмек көрсетуге тырысқан.

Ыстықкөл облыстық ішкі істер басқармасы бұл факт Ыстықкөл аудандық ішкі істер бөліміне тіркелгенін хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға береді.

Шетелде болған кез келген жанжалдың салдары ауыр болуы мүмкін: басқа елдің заңдары, қоғамдық тәртіп талаптары және жергілікті полицияның жұмысы демалыста жүрген адамның «эмоцияға беріліп кетуін» кешіре бермейді. Кейде бірнеше секундтық ашу ұзақ тергеуге айналады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор