«777» нөмірлі Lexus иесі тағы да дауға қалды: депутатқа қатысты тергеу басталды
Былтыр үш жетілігі бар Lexus көлігімен жол ережесін бұзған депутат қайтадан қоғам назарына ілікті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев тағы да полиция назарында қалды. Бұған дейін жол ережесін бұзуымен танылған халық қалаулысына қатысты жаңа іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Telegram-дағы Halyqstan арнасының мәліметінше, Бәйдібек аудандық полиция басқармасына Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен.
Арыз иесінің айтуынша, ол Қытайдан келген төрт танысымен бірге Байжансай ауылына барған. Шетелдік азаматтар бұл аймақтағы қорғасын-мырыш кенін өндіру мүмкіндігін қарастырған.
Әйелдің сөзінше, қонақтарды қарсы алып, оларды ертіп жүргендердің бірі депутат Ерғали Аманбаев болған.
Алайда арызда көрсетілген мәліметке сәйкес, кейінгі жағдай қонақжайлық шеңберінен асып кеткен.
Арызда жазылған нұсқа бойынша, депутат Қытай азаматы болған 34 жастағы әйелді өзінің Lexus көлігіне отырғызып, адам аз жерге апарған. Сол жерде әйел өз еркіне қарсы әрекет жасалды деп мәлімдеген.
Полиция бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті анықталып, қамауға алынған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.
Тергеу мүддесіне байланысты ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы негізінде қосымша ақпарат жарияламай отыр.
Ерғали Аманбаевтың аты бұған дейін де қоғам талқысына түскен.
2025 жылдың тамызында әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы жол қозғалысы ережесін бұзған Lexus көлігінің видеосы тараған. Көліктің ерекше «777» мемлекеттік нөміріне қарап, желі қолданушылары жүргізушіні депутат деп таныған.
Полиция сол кезде жүргізушіге бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша шара қолданғанын хабарлаған.
Олардың қатарында:
- жалған мемлекеттік нөмір қолдану;
- қарсы бағыттағы жолақпен жүру;
- міндетті сақтандырудың болмауы;
- қауіпсіздік белдігін тақпау;
- тыйым салынған жерде артқа жүру;
- қозғалысты бастамас бұрын белгі бермеу сияқты заң бұзушылықтар болған.
Нәтижесінде депутат төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Кейін оның әріптестері бұл әрекеті депутаттық әдеп нормаларын бұзу деп есептемеген еді.
Қазір депутатқа қатысты жаңа істің түйіні тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады. Дау тудырған «777» нөмірлі көлік бұл жолы да жаңалық тақырыбына айналды. Бірақ көлік нөмірінің әдемілігі адамның әрекетіне автоматты түрде абырой қоспайды, мұны өмір кейде тым қымбат сабақпен еске салып қояды.
Материал авторы