Мұғалімді «Түстен кейін ішімдікке салынады» деген тұрғын соттан бір шықты
Семейде мұғалімді маскүнем деп айыптаған әйел сот алдында жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде тұрғын бастауыш сынып мұғалімі туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін сот алдында жауап берді. Сот педагогтың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірген мәліметтерді жалған деп таныды.
Іске мұғалімнің өзі бастамашы болған. Оның сотқа жүгінуіне мектеп ұжымына тараған айыптаулар себеп болған.
Жауапкер алдымен мектеп директорына жіберген аудио хабарламасында, кейін ұжыммен кездесу кезінде педагог туралы жағымсыз пікір айтқан.
Әйел мұғалім үнемі ішімдік ішеді, жұмысқа алкоголь иісімен келеді деген мазмұнда сөздер таратқан. Тіпті педагог «түстен кейін ішімдікке салынады» деп мәлімдеген.
Айыптауларды растайтын дәлел табылмаған
Мұғалім бұл ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп танып, оларды жоққа шығаруды, кешірім сұрауды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен.
Алайда жауапкер сотқа өз сөздерінің рас екенін дәлелдейтін ешқандай құжат немесе айғақ ұсынбаған.
Сот материалдарды зерттеп, сот психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысын ескерген.
«Жауапкер таратқан мәліметтердің рас екенін дәлелдейтін дәлелдер ұсынылмаған. Ақпарат үшінші тұлғаларға тараған, ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіретін сипатта болған және шындыққа сәйкес келмеген», – делінген сот хабарламасында.
Әйел мұғалімнен кешірім сұрауға міндеттелді
Сот жауапкерді айтқан сөздерін теріске шығаруға және мектеп директоры мен оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының қатысуымен мұғалімнен кешірім сұрауға міндеттеді.
Моральдық зиянды өтеу туралы талап ішінара қанағаттандырылды. Сот шешім қабылдағанда жанжалдың ұзақтығын, жауапкер әрекетінің сипатын және әділдік қағидаларын ескерген.
Сонымен қатар сот шығындары да жауапкерден өндірілетін болды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы