Қатерлі ісік кеш анықталған: БҚО ауруханасы марқұм науқастың отбасына 1,4 млн теңге төлейді
Қатерлі ісіктен көз жұмған ер адамның отбасы сот арқылы жеңіске жетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында аудандық аурухана қатерлі ісіктен көз жұмған науқастың отбасына өтемақы төлеуге міндеттелді. Сот медициналық көмекті көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылық болғанын анықтаған.
Бәйтерек ауданындағы №2 аудандық ауруханаға марқұмның әйелі мен ұлы шағым түсірген. Олар медициналық ұйымнан моральдық зиян үшін әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде өтемақы талап еткен.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың 15 тамызына дейін аталған ауруханада дәрігерлер бақылауында болған.
Алайда тексеру барысында медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар кемшілік анықталған.
Атап айтқанда, жалпы тәжірибелік дәрігер зертханалық талдау нәтижелеріне тиісті баға бермеген. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен диагностика және емдеу хаттамаларының талаптары толық сақталмаған.
Науқас гастроэнтеролог, инфекционист, гепатолог, хирург және травматолог сияқты бейінді мамандарға уақытында жіберілмеген.
Қатерлі ісік кеш анықталған
Іс материалдары бойынша, патогистологиялық зерттеу қорытындысы алынғаннан кейін де ер адам онкологқа уақытында жолданбаған.
Кейін науқас онкологиялық аурудан қайтыс болған.
Аурухана өкілдері сотта талаппен келіспеді. Медициналық ұйым көмек толық көлемде көрсетілгенін айтып, дәрігерлер әрекеті мен науқастың ауруының асқынуы арасында тікелей байланыс жоқ екенін мәлімдеді.
Дәрігер де өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, пациент құсу және қара түсті нәжіс шағымдарымен келген, оған ФГДС тексеруінен өту және қан талдауын тапсыру ұсынылған.
Дәрігер диагноздың уақытында қойылмағанын мойындағанымен, сол кездегі қан көрсеткіштері науқастың ауыр жағдайын көрсетпегенін айтқан.
Сот аурухананы жауапты деп таныды
Сот талапкерлердің медициналық қызметкерлер өз міндеттерін тиісінше орындамағаны туралы уәждерін негізді деп тапты.
Сот шешімінде зертханалық көрсеткіштердің өзгеруіне уақытында назар аударылмағаны, науқастың шағымдары мен жағдайының нашарлауына жеткілікті көңіл бөлінбегені айтылған.
Осының салдарынан қатерлі ісік кеш анықталып, ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі төмендеген деген қорытынды жасалған.
Сот медициналық қызметкерлердің әрекеті марқұмның жақындарына моральдық зиян келтіргенін атап өтті. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі талаптарға сәйкес, медицина қызметкерлерінің әрекеті үшін жауапкершілік медициналық ұйымға жүктеледі.
Сот марқұмның әйелі мен ұлының ауыр қайғыға тап болғанын ескеріп, талапты ішінара қанағаттандырды. Әр талапкердің пайдасына 700 мың теңгеден, жалпы 1,4 млн теңге көлемінде өтемақы өндірілді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы