1837

Өтемісов атындағы университет ректоры ұсталды

Қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр.

Өтемісов атындағы университет ректоры ұсталды
wku.edu.kz

Батыс Қазақстандағы Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат ресми түрде расталды. Қазір оның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметінше, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Серғалиев 2026 жылғы 21 шілдеде Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері тарапынан ұсталған.

Министрлік тергеу және өзге де процессуалдық әрекеттер құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын атап өтті.

Сонымен қатар университеттің уәкілетті мемлекеттік органдарға Қазақстан заңнамасы аясында қажетті қолдау көрсетіп жатқаны хабарланды.

Университетке уақытша басшы тағайындалды

Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 23 шілдедегі бұйрығымен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті басқарма төрағасы – ректорының міндетін уақытша атқарушы болып басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжаһан Қайсағалиева тағайындалды.

ҰҚК істің мән-жайын жарияламады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Серғалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

Алайда ведомство Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттың жария етілмейтінін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта ректорға нақты қандай күдік келтірілгені және қылмыстық істің қандай бап бойынша тергеліп жатқаны ресми түрде жарияланған жоқ.

Материал авторы