1951

Ресей Павел Дуровты өмір бойына бас бостандығынан айыруы мүмкін

Telegram негізін қалаушы Дуровқа ауыр айып тағылды.

Ресей Павел Дуровты өмір бойына бас бостандығынан айыруы мүмкін
Hubert Boesl / picture alliance / dpa / ТАСС

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа қатысты қылмыстық іс жаңа кезеңге өтті. Ресейлік адвокат Владимир Жеребенков кәсіпкердің кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Адвокаттың айтуынша, Дуровқа терроризмге жәрдемдесу туралы бап бойынша айып тағылуы мүмкін. Бұл бап Ресей заңнамасында аса ауыр қылмыстар қатарына жатады және ең жоғары жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады.

«Террористік қызметке жәрдемдесу туралы бап өте ауыр саналады. Ол бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар тергеу барысында Дуровқа Ресей Қылмыстық кодексінің басқа баптары бойынша да айып тағылуы мүмкін», – деді Владимир Жеребенков.

Заңгердің сөзінше, Ресей тарапы Павел Дуровты ел аумағында сырттай қамауға алу мәселесін де көтеруі ықтимал. Оның айтуынша, мұндай рәсім күдіктіні елге экстрадициялау процесін бастау үшін қажет.

Адвокат түсіндіргендей, сот сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған жағдайда, құқық қорғау органдары Дуровты Ресейге қайтару жолдарын, соның ішінде Интерпол арналары арқылы іздестіруі мүмкін.

Бұған дейін Ресейде Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмге жәрдемдесу туралы бап бойынша айып тағылғаны хабарланған болатын.

Дуров сәуір айында шамамен 20 жыл бұрын өзі тұрған Ресейден шақырту алғанын айтқан еді.

Ал 24 ақпанда ресейлік БАҚ Павел Дуровқа қатысты терроризмге жәрдемдесу күдігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазды.

Кейін Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков құқық қорғау органдары өздері қажет деп санаған шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Telegram әкімшілігі Ресей билігімен ынтымақтастық орнатпай отыр.

Павел Дуров өзіне қатысты істі түсіндіре отырып, билік Telegram-ға қолжетімділікті шектеу үшін күн сайын жаңа себептер іздеп жатқанын, бұл жеке өмірге қол сұқпаушылық пен сөз бостандығына қысым жасау әрекеті екенін айтқан.

Материал авторы