Өскеменде әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз 20 шақырым жерден табылды
Үйін сағынған сарбаз әскери бөлімнен кетіп қалған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен өз бетінше кетіп қалған мерзімді әскери қызметші табылды. Сарбазды Қазақстан Қарулы күштерінің әскери полиция қызметкерлері анықтаған.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери полиция бас басқармасының мәліметінше, қатардағы жауынгер Мархан А.Е. облыс орталығынан шамамен 20 шақырым қашықтықта табылған.
Әскери қызметші әскери полиция бөліміне жеткізілген. Ведомство оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Мамандар сарбаздың әскери бөлімді өз еркімен тастап кету себептері мен оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, сарбаздың мұндай әрекетке баруына туған үйін сағынуы себеп болған.
Тексеру барысында әскери қызметші өзіне қатысты жарғылық емес қарым-қатынас немесе командирлер мен қызметтестер тарапынан өкілеттікті асыра пайдалану фактілері болмағанын айтқан.
Материал авторы