3603

Қай қалаға көшсе, мемлекет 7 млн теңге береді?

Мемлекет көшу шығынын ғана емес, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерді де өтеуге көмектеседі.

Қай қалаға көшсе, мемлекет 7 млн теңге береді?
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударған азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Бағдарлама аясында кейбір отбасылар баспана сатып алуға 7 миллион теңгеден астам қаражат ала алады.

Еліміздің солтүстік аймақтарындағы бірқатар облыста маман тапшылығы байқалады. Осы мәселені шешу үшін Үкімет азаматтарды ерікті түрде қоныстандыру бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

Бағдарламаға қатысқан азаматтарға экономикалық мобильдік сертификаты беріледі. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы бұл көмектің көлемі 1 625 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.

Бұл шамамен 7 028 125 теңгені құрайды. Қаражатты азаматтар жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады.

Сонымен қатар қоныс аударушыларға басқа да төлемдер қарастырылған:

көшуге байланысты бір реттік субсидия – әр адамға 70 АЕК, яғни 302 750 теңге;

тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге арналған төлем – бір отбасыға 15-30 АЕК көлемінде, яғни 64 875-129 750 теңге.

Мемлекеттік қолдау тек қаржымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға жұмысқа орналасуға да көмек көрсетіледі. Ведомство мәліметінше, азаматтар көшпей тұрып-ақ жұмыс орнын тауып, жұмыс берушіні таңдай алады.

Бұған дейін бұл бағдарлама негізінен жұмыссыз азаматтарға бағытталған болатын. Алайда қазір сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да мемлекеттік қолдауға үміткер бола алады.

Миграциялық процестер порталының мәліметінше, қазақстандықтар келесі өңірлерге қоныс аудара алады:

  • Қостанай облысы;
  • Солтүстік Қазақстан облысы;
  • Павлодар облысы;
  • Ақмола облысы;
  • Шығыс Қазақстан облысы;
  • Абай облысы;
  • Қарағанды облысы;
  • Ұлытау облысы.

Ал Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына бұл бағдарлама бойынша қоныс аударушылар қабылданбайды. Бұл өңірлерге тек шетелден тарихи отанына оралған қандастар келе алады.

Қоныс аударушылар негізінен Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарынан, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Жетісу облысынан қабылданады.

Материал авторы